
«Өрлеу Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігі қоғамда өзекті болып отырған баспана мәселесін шешудің жаңа жолын ұсынады.
Қоғамдық бірлестіктің ұсынып отырған «10 теңге – 10 үй» жобасы облыс аумағында тұратын тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналарға, жастарды баспанамен қамтамасыз ету.
- Ол үшін халық болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып аптасына 10 теңгеден қайырымдылық жасап отырсақ қаншама жаннан сауап алып, жақсылық жасап отырар едік. Аптасына немесе айына 10 теңге я болмаса 100 теңгенізді қиып, садақа шығарсаңыз, жылына 100-ге жуық отбасының пәтерлі болуына көмектескен болар едіңіз, - дейді бірлестік жетекшісі Дастанбек Жұпан.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламамен үйлер беріліп жатқанына тәубә етеміз. Бірақ баспанаға алуға мүмкіншілігі жоқ жандар қаншама. Осындай әлеуметтік олқылықтардың орнын толтыруды көздейтін «10 теңге – 10 үй» жобасына кез-келген жан атсалыса алады. Яғни, жалпыхалықтық қайырымдылық шарасына қатысушылар айына немесе аптасына қалауына қарай қалтасындағы теңгесін бір отбасы үшін баспаналы болуға қиса, қаншама жанның сауабын алып, күрмеулі мәселесін шешуге ұмтылар еді.
Баспанаға мұқтаждық бүгіннің ғана мәселесі емес, халық санының өсуіне байланысты кейін де бола беретін мәселе. Бұл идеяны іске асқан кезде қаншама проблеманы аз да болса азайтып, халықтың одан да басқа құндылықтарға ұмтылуына жол ашатын болады.
«Бұл жоба «әр қазақ баспаналы болса екен» деген асыл арманнан туған ой. Бізге сенім артып, осы жобаны қолдауларыңызды сұраймыз. Осы ұсынысымызды беделді тұлғалар, қайырымды жандар қодап отыр және сіздердің де көмектеріңізге жүгінеміз», - дейді Дастанбек Болатбекұлы.
Осындай қайырымдылық шараларды қолдау барысында алаяқтық, жымысқылық әрекеттер жүретіні белгілі. Сондықтан сақтық шараларды назарда ұстаған жөн. Яғни ақша аударымдарын бөгде адамдар арқылы жүргізбеулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ, бөтен телефон, карта нөмерлеріне ақша аударуды сұраған хабарламаларға алданбауларыңызды сұраймыз. «Өрлеу Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігінің арнайы қайырымдылық шарасына арналған банктік есепшоты, «Киви әмиян» және «24 касса» терминалдарында «10 теңге – 10 үй» жобасына арналған арнайы бөлімдері бар. Ақша аударымдарын сол арқылы жіберуге болады.
Айта кетейік, бұл жоба республика бойынша біздің облысымызда алғаш рет жүзеге аспақшы. Егер тиімді нәтиже беретін болса, республикалық деңгейге көтеріледі. Сондай-ақ баспанаға қатты мұқтаж жандардың тізімдері арнайы құрылған аудандық және облыстық комиссиялар арқылы іріктелінетін болады. Сонымен қатар, іріктелген азаматтарға ешқашан қолма-қол ақша берілмейді. Себебі ол кісі сол қаражатты нақты үй алуға жұмсай ма, әлде басындағы несиесін жаба ма, ол жағы күмән тудырады. Сондықтан қаражат тек үй сатушының шотына, яғни банктен-банкке ғана аударылады. Ал баспаналы болуды көздейтін жобаға отбасында маскүнемдікке, нашақорлыққа салынғандары, еңбекке қабілетті бірақ масылдыққа шалдыққандар мен сараптама барысында жалған мәлімет бергендер қатыса алмайды. Өйткені бұл – мемлекеттің үлкен бір бағдарламасы емес, бұл тек баспанасыз жүрген отбасыларға жанашырлықпен үйлі болуларына ықпал ететін жалпыхалықтық қайырымдылық жоба болып табылады.