
Кеше Сыр елінен Ақтөбе облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға көмек ретінде алғашқы керуен жолға шықты. Аймақ жастары азық-түлік өнімдері мен басқа да қажетті тұрмыстық заттар тиелген жүк көліктерін «Тағзым» алаңынан шығарып салды. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов өңір жастарының игі бастамасын жоғары бағалады.
– Қазақстанның солтүстік және батыс аймақтарында қар мол түсіп, соның салдарынан су басу жағдайлары орын алды. Сыр халқы да отандастарымыздың жағдайына бей-жай қараған жоқ. Жастар мен басқа да қоғамдық ұйымдар арнайы бастама көтеріп, Үндеу жариялаған болатын. Нәтижесінде, бүгін облыс бойынша тұрмысқа қажетті тауарлар тиелген үлкен сыйымдылықтағы 8 автокөлік Ақтөбе облысына аттанды. Халқымыз қайырымдылық деген ұғымды тек рухани немесе экономикалық мәселемен байланыстырмай, оған адам бойындағы барлық ізгі қасиетті теңеген. Бүгінге дейін де аймақ жастары игілікті шараға өз үлестерін қосып келеді. Бұл бастамаға тек Қызылорда қаласы емес, аудан кәсіпкерлері де белсенділік танытуда. Қайырымдылық көмек көрсету мақсатында аттанған алғашқы керуенге сәттілік тілейміз, – деді Р.Рүстемов.
Айта кетейік, 18 сәуірден бастап Ақтөбе облысындағы су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға қолдау көрсету шаралары ұйымдастырылған болатын. Аталған мәселеге байланысты «Жастар ресурстық орталығы» КММ көмек қабылдау пункті ретінде жұмыс жасады. Мұндай орындар барлық аудандарда ашылған. «Жомарт» мейірімділік үйінің еріктілері қоғамдық орындарда заттар жинауға белсене қатысып, көмек көрсету жөнінде үндеулер таратты. Орталық қызметкерлері алғашқы қажеттілік заттарын жинап қана қоймай, зардап шегушілерге бір күндік еңбекақысын аударды. Бүгінге дейін Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда гуманитарлық көмек көрсету штабтары құрылды. Нәтижесінде, 60 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар тиелген 8 автокөлік жолға шықты. Сонымен қатар, арнайы шот ашылып, жергілікті кәсіпкерлер өз еріктерімен бір күндік жалақыларын аударды. Бұл жұмыстар осы аптаның соңына дейін жалғасады. Мұнан соң жиналған барлық қаражат тек қана Ақтөбе облысына ғана емес, су басқан басқа да аймақтарға үлестіріледі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.