
Салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарын жақсарту, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген азаматтарға тиісті шара қолдана отырып мемлекет бюджетіне қаржы өндіруді жоғарылату мақсатында 2017 жылдың 29 наурыз және 30 сәуір аралығында облыс көлемінде «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шараға әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен қатар, Жергілікті полиция және өңірлік жеке сот орындаушылары жұмылдырылды.
Аталған іс-шарада қала бойынша 5 мобильді топ құрылып, барлығы 10 полиция қызметкерлері және өңірлік сот орындаушыларынан кезекшілік кестесі құрылды. Бірлескен іс-шаралар аясында айыппұл төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің автокөліктерін автотұраққа қамау және мемлекеттік белгілерін алу жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда, аталған іс-шара басталғалы бері сот орындаушылардың қаулысы негізінде барлығы 11 млн теңге құрайтын 258 мемлекеттік белгі алынып, 198 автокөлік айып алаңына жеткізілді, 4 млн теңге айыппұл өндірілді.
Қала орталығындағы 14 учаскелік аумақтағы учаскелік полиция инспекторлары борышкерлердің мекен-жайларын аралап, салынған әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде өтеу қажеттігі жөнінде тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, айыппұлдарды өндіру жөнінде смс-хабарламалар таратылуда.
Осы ретте, қала тұрғындарына салынған айыппұлдар жайлы қосымша ақпарат алғылары келсе, Қызылорда қаласы, Жібек жолы көшесі №22 мекенжайы бойынша орналасқан Әкімшілік практика бөлімінен немесе admpraktikakzo@mail.ru электронды мекен-жайы бойынша алуға болатындығын ескертеміз.