
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Кітапханадағы түн» акциясы ұйымдастырылды. Акция биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Акцияны кітапхана директоры Н.Мырзамұратова ашып, құттықтау сөз сөйледі. Мұнан соң Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының директоры, белгілі қаламгер Қ.Есімсейітова сөз алып, кітапханадағы игілікті шараға сәттілік тілеп, жастарды кітап оқуға, құрметтеуге шақырды.
Кітапханада қызықты да тағылымды мәдени шаралардың куәсі болдық. Шараға келушілер «Сиқырлы қала» алаңындағы «Кітап мұхитының маржандары» атты кітап көрмесімен танысып, «Ертегімен есейем» атты ертегі-шоуды тамашалады. Театрландырылған қойылым көрсетілді. Балалар ертегі желісі бойынша ән айтып, би биледі. Қиялға толы ертегі әлемі балаларға қуаныш сыйлады.
«Әдеби шаңырақ» алаңында жергілікті ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері акцияға қатысушы қонақтардан кештің өту барысы, алған әсерлері, сүйікті ақын-жазушылары, сүйіп оқитын кітаптары туралы «ашық микрофон» ұйымдастырылды.
Кеш қонақтары ««Әдеби кафеде»» сайысқа қатысып, өз бақтарын сынады. Белсенді қатысушыларға түрлі коктейльдер ұсынылды. Сондай-ақ, кітапхана оқырмандарының қатысуымен өткен «Көктем аруы» байқауы қызықты өтті. Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенті Б.Алмабек «Көктем аруы – 2017» байқауының жеңімпазы деп танылды. Байқауға қатысушылар «Инабатты ару», «Өнерлі ару», «Сымбатты ару», «Зерделі ару», «Көрікті ару» номинациясымен марапатталды. «Кітапхана арбаты» алаңында қолөнерге баулитын шеберлік сыныптары өткізілді. «Фотосуреттер галереясында» жастардың қолынан шыққан акварельді картиналар мен фотосуреттер қойылды. «Жан и Я» сән салоны түрлі қызметтерін тегін ұсынды. Жастар «Сән өнері» костюмдер дефилесін тамашалап, «Харизма» дарын және сән академиясының жаңа топтамаларымен танысты.
Би өнеріне икемі бар талантты жастар «Сиқырлы би әлемінде» ырғақты көңіл-күй сыйлайтын билерді, сондай-ақ ұлттық және заманауи билерді орындап, өз өнерлерін көрсетті. «Biblio спорт» алаңында шахматтан әлем чемпионатының жеңімпазы Самал Абдуалимен бір мезгілді ойын сеансы өткізіліп, жастар белгілі шахматшымен ойнау құрметіне ие болды. Жастар жеңімпазбен бірге тартысты ойын өткізді.
Кітапхананың цокольды қабатында ең батыл қатысушылар үшін «Елестер лабиринтіндегі қызықтар» атты ойын-саяхат ұйымдастырылды. Олар кітапхананың жұмбақ қорымен танысты. Жолда түрлі кедергілерге кездесіп, ойындар ойнатылды.
Кітапханаға келушілер «Рахмет, саған кітапхана!» атты тақтаға жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жазып қалдырды. «Кітапханадағы түн» акциясы өз оқырмандарына қуаныш пен керемет көңіл-күй сыйлады.