Мұндай мәлімдемені өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Саид Молдақараев, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев жасады.
Брифингте су қоймаларының межеден артық толуын болдырмау үшін артық судың өзен арнасына босатылып жатқандығы айтылды. Сырдария өзенінің жоғары ағысында жауын-шашынның мол түсуінен «Шардара» су қоймасына секундына 1600-1700 текше метр су түсуі мүмкін. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті «Шардара» су қоймасына 5000 млн текше метр су жинау және «Арнасай» ойпатына су жіберу үшін Өзбекстан Республикасымен арнайы келісім жасады.
– Облыс аумағында әлі де болса судың мол келуіне байланысты қала, аудан әкімдіктері мен тиісті сала қызметкерлері тарапынан дария бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Сонымен қатар Азаматтық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Таулы аймақта орналасқан Жаңақорған ауданының елді мекендерін қарғын судан қорғау мақсатында осы аумақта орналасқан 4 су қоймасының жағдайы қатаң бақылауға алынып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылды, – деді Ғ.Жаңабаев.
Бүгінгі күнге дейін «Шардара» су қойма¬сынан төменге секундына 1100 текше метр су түсіп, облыс шекарасындағы «Көктөбе» су бекетінен секундына 1000 текше метр су өтуде. Аталған су бекеті мен «Қызылорда» су торабы аралығындағы су таратушы каналдар арқылы секундына 292 текше метр су ағызылған. Жаңақорған ауданының елді ме¬кендерін судан қорғау мақсатында тәуліктік кезек¬шілік ұйымдастырылып отыр. «Сондықтан Сырдарияға жақын орналасқан елді мекендерді су басу қаупі жоқ» дейді мамандар.
Облыс аумағына келген секундына 1050 текше метр судың Қызылорда су торабына дейін секундына 190 текше метр су каналдармен алынып, жоңышқа суаруға және жайылымдық шабындыққа, көлдерді толтыруға жұмсалуда.
– Бүгінгі күні «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінен қоса есептегенде жиналған су көлемі, Қызылорда облысындағы жоспарланып отырған егістігін сумен толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал, Қараөзек арнасы бойындағы көлдерге 520 млн текше метр су жиналды. Қазіргі күні секундына 110 текше метр су қабылдануда. Су қабылдау жұмыстары мамыр айының ортасына дейін жүргізіледі деп күтілуде, – деді Ә.Қарлыханов.
Осы уақыт аралығында Қараөзек арнасы бойындағы көлдерге 750 млн текше метр су жиналады. Жиналған су маусым, шілде айларында Қазалы ауданының егістігін суғаруға пайдаланылады.
Шынар БЕКБАН.