Бұрын-соңды болмаған әскери шеру болады

Бұрын-соңды болмаған әскери шеру боладыҚазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған ауқымды парадқа дайындық жүріп жатыр. Астана аэродромында әскери-әуе күштеріміздің алғашқы жаттығуы өтіп, елдің әр түкпірінен жиналған ұшқыштардың тәжірибесі сынға түсті.
Парадтың шарықтау бөліміне әскери-әуе қорғанысы жауапты. Қанатты және винтті техникалардың басым бөлігі Астанадағы №19132 әскери бөліміне қарасты әуе айлақтан көтеріледі. Бүгін алғашқы жаттығуларын өткізген ұшқыштар салтанатты шараға сақадай сай болу керектігін жақсы түсінеді. Солардың бірі –Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлегі Олжас Бердібек. Жамбыл облысының тумасы парадқа іріктелген хас шеберлердің арасында өзінің болғанын үлкен мәртебе санайды.
Олжас Бердібек, Eurocopter тікұшағының ұшқышы:
- Әскери әуе шеруіне алғаш рет қатысып отырмын. Мен үшін бұл өте маңызды, жоғары бір деңгейлі жағдай болайын деп тұр. Ұшқыш мамандығын мен негізі жастайымнан армандаған едім. Жастайымнан армандап, сол арманыма жетіп, Ақтөбе қаласындағы жоғарғы әскери орнын бітіріп, қазір Семей қаласында жұмыс істеймін.
ҚР ҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосановтың айтуынша, алғашқы дайындықтың өзінде көп қателік болмады. Өйткені Ми-8 бен Ми-17 тікұшақтары және Ан-26, Ан-72, Си-295 әскери лайнерлерінің техникалық және навигациялық мүмкіндіктері жоғары.
«Тәжірибелі мамандар үшін басқару кезінде айтарлықтай қиындық туғызбайды», – дейді генерал-майор.
Дәурен Қосанов, ҚР ҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы:
- Ұшқыштар мен ұшақтар дайын. Дайындығы жақсы. 7 мамырда өз өнерімізді көрсетеміз деп ойлаймыз. Ұшқыштардың өтіп жатқан дайындығы Ақтөбе институтында өтеді.
Әрбір бала ұшқыш болуды армандайды. Бүгін тәрбиешілері ұйымдастырған шағын саяхат бұл балғындардың есінде жатталып қалмаса да, көпке дейін ұмыт қалмайтыны белгілі. Экскурсияға келген жас өскіннің «өскенде кім ұшқыш болғысы келеді?» деген сұраққа жауаптары да дайын болды.
Айта кетейік, бұрын-соңды болмаған ірі әскери шеру 7 мамырда елордадағы Тәуелсіздік алаңында өткізіледі. Оған барлығы 5 мың сарбаз, 300 құрлықтық және 80 әуе техникасы жұмылдырылады. Көрермен назарына Ми-35, Ми-171Ш және елімізде құрастырылатын ЕС-145 сынды жаңа авиация техникалары ұсынылады. Ал Су-30 СМ мен МиГ-27 жойғыштары Қарағанды мен Талдықорған аэродромдарынан желмен жарыса ұшып келеді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 сәуір 2017 г. 514 0