Білім – бәсекеге қабілеттілік бастауы

Саналы ұрпақ өсіріп, саналы білім мен тәрбие беру баршамыздың ортақ парызымыз. Ұстаздың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы өлшемдер. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөздері еске түседі. Осы бір аталы ұғым Ұстаздар қауымы үшін басты ұстаным болуы шарт.
  Еліміздің даму бағыты мен келешегінің көкжиегін көре білген Елбасымыздың бастамасы мен қабылдаған стратегиялық бағдарламалар қазақ елі Батыс пен Шығыстың басын қосқан іргелі өркениет орталығына айналғанын ерекше мақтан етеміз.Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары десек, Президент білім беру мәселесіне ерекше басымдылық бере келе «Сапалы білім беру Қазақстанның индустриялық – инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетті.
  Осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындау білім беру жүйесін дамытудың шешуші кезеңі болмақ.
   Соңғы он жылдың көлемінде мұғалімдерге, білім саласына көзқарас өзгерді. Мұндай қамқорлықтар, бетбұрыстар қоғамның өзгеруімен келген құбылыс, өмір талабы. Осындай оң көзқарас Сырдария ауданы Шаған ауылында да көрініс тапты. Ауыл тұрғындары өткен оқу жылында пайдалануға берілген жаңа ғимаратқа көшті. Өзім 1988 жылдан бері №37 мектеп-лицейінде физика-математика пәнінің мұғалімімін. Әр пәннің бала тұлғасын қалыптастыруда өзіндік орны бар. Әйтсе де математика пәнін терең меңгеру өмір қажеттілігі. «Математика – ғылымдардың патшасы» деген ұлағатты пікір тегіннен тегін айтылмаған. Шәкірт жүрегіне білім сәулесін құйып жүрген білікті де тәжірбиелі ұстаздар тобы жетерлік. Олардың бәрі жоғары білімді мамандар. Мәселен Ләйла Мамыраева, Еркін Оразғалиев, Жаңыл Шалбаева, Мырзағали Қыстаубаев, Динара Ережімбетова секілді ұстаздар мектебіміздің мақтанышы. Сабақ беру шеберлігі мен біліктілігіне сейкес әріптестерімнің еңбекақылары да жоғары.
Жуырда Астана қаласында өткен «Заманауи ақпараттық білім беру ортақ дәстүр және инновация» тақырыбында өткен халықаралық практикалық конференцияға қатысып келдім. Шараны ұйымдастырған ҚР білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық орталығына еліміздің түкпір-түкпірінен келген білікті ұстаздар, дүниежүзінің белгілі ғалымдары бас қосты. Білім деңгейінің рөлі, оқыту технологиялары, оқулықтар жайында ой бөлісті. Семинарлар мен тренингтерге білім және кәсіби мамандар дайындауға сүбелі ойлар қозғалып, көрмелер ұйымдастырылды. Ұрпақтардың келешегі төңірегінде ауқымды көзқарастар талқыланды. Ауыл мұғалімі ретінде көптеген салиқалы мәселелерді көңілге түйіп, үлкен әсерде оралдым. Өзіміздің алдағы жұмыстарымызға бағыт-бағдар алдық. Әрине, Елбасының өзі бастамашыл болып, білім сапасына көңіл бөлуі ұстаздық беделін, материалдық жағдайының жақсаруына әрдайым мән беруі, біздің өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғаліміне жауапкершілік жүктеп отыр.
Гүлсім СӘТБАЕВА.
№37 мектеп-лицейі, Сырдария ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2017 г. 536 0