
Алдағы жылдары өндіруші мен тұтынушы арасында өнімнің баға үстемесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бар.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбында өткен кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрi Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шағын және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту шараларына тоқталатын болсақ, жалпы 5 жылда бұл кооперацияға 500 мыңнан астам жеке қосалқы және шағын фермерлік шаруашылықтарды тарту жоспарланып отыр»,-деп атап өтті ол.
Атап айтқанда, кооперативтер сүт, ет, көкөніс және басқа да өнімдерді жинаумен айналысады. Сонымен қатар олар қасапхана, ветеринария, жем-шөп дайындау, аграрлық химия, өнімді қайта өңдеу мен сату нысандарына дейін жеткізу қызметтерін орталықтандырылған деңгейде іске асырады.
«Аталған шаралар қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін орташа алғанда 30 пайызға арттыруға және өндіруші мен тұтынушы арасындағы баға үстемесін төмендетуге мүмкіндік береді»,-деп түсіндірді бірінші вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 1 сәуірдегі жағдай бойынша еліміз бойынша 335 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Осы ретте 150 сүт қабылдайтын және 159 қасапхана бірігіп, 7 761 отбасылық бордақылау алаңдары құрылған. Жалпы, бұл мақсатқа 50 млрд. теңге бөлінді.