Келешекке маңызды міндеттер жүктелді

Келешекке маңызды міндеттер жүктелді«Достық үйінде» Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылауға арналған облыстық ассамблея активінің сарапшылармен кездесуі өтті. Жиынға ақтысушылар Елбасы мақаласының осы бағыттары туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталды.
– Елбасы жақында жариялаған мақаласы арқылы тарихымыздың ұлағатты тұстарынан үлгі ала отырып, болашаққа тың бағдар бергендей. Біз ұлы даланың қазыналы тарихын зерделеу арқылы елін сүйетін, жерін қастерлейтін жаңа қазақстандық ұрпақ тәрбиелейтін жағдайға жетіп отырмыз. Бұл тарихи маңызы бар мақала. Рухани жаңғырусыз саяси, экономикалық модернизацияға иек арту жеткіліксіз. Ұлт көшбасшысы мақаласының басты діңгегі осы болса керек. Жалпы, сан саланы қамтып, таяу келешекке маңызды міндеттерді жүктеп берген мақалаға қоғам оң көзқарас білдірді, – деді облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова.
– Заманға сай болу, әлемдік сана қағидаларын қалыптастыру, дамыған елдермен Отанымыздың терезесі тең тұруын басты мақсат еткен Елбасының байыпты саясаты қазақстандықтардың мүддесіне бағытталған. Ұлттық тарих, бүгін мен болашақтың қалыптасуы, ұлтқа деген шексіз махаббат жүректе сақталуы керек екені мақала мазмұнынан тыс қалмаған. Туған жердің қадір-қасиетін ұмытпауға шақырған бастамада ұлттық болмысты сақтау мәселесі де жан-жақты қамтылғандығы баршаны қуантады, – деді облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас.
Мұнан бөлек, жиын барысында облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының мүшелерінен құралған сарапшылар пікірі тыңдалды. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, латын әліпбиіне көшу, ұлттық код, білім сапасын жақсарту және тағы басқа маңызы жоғары мәселелер талқыланды.

Шынар БЕКБАН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 сәуір 2017 г. 493 0