Атакәсіп - нарықтың өзі, пайданың көзі

Атакәсіп - нарықтың өзі, пайданың көзіЖаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевтің айтуынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріледі. Оған негіз ретінде төмендегі мәліметтерді алға тартты. Өндірілген өнім көлемі 2016 жылы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 105,2 пайызға өскен. Нәтижесінде облыс  бойынша аудан үшінші орынға табан тірепті. Жалпы, Жаңақорғанның өндірілген өнім бойынша көрсеткіші былай тарқатылады: ет – 54580 тонна, сүт – 464505 тонна, жұмыртқа –1762,0 мың дана. Мал басының өсімі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Атап айтқанда, мүйізді ірі қараның саны – 48,2 мың, оның ішінде сиыр – 27,3 мың, қой – 208,8 мың, ешкі – 20,6 мың, жылқы – 11,6 мың, түйе 1,3 мың бас, құс 17,1 мың дана. Бұл – облыстағы жоғары көрсеткіш.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы несие алу жолдарын түсіндіру және халық арасында үгіт-насихат жұмыстары оң нәтиже бере бастады. «Агробизнес-2020», «50 ауыл» бағдарламалары арқылы бөлініп жатқан несие қаржыларын игеру мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, жеке секторда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді қамтамасыз ететін 31 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Осы ретте алдын ала Қожакент елді мекені пилоттық ауылдық округі болып белгіленген. «50 ауыл» бағдарламасы бойынша 31 отбасына 90 100 000 теңге несие берілді, ол несие қаржысына 603 бас ірі қара сатып алу, сонымен қатар, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен 4 отбасына 15 000 000 теңге несие берілді. Көрсетілген несие қаржысына 100 бас ірі қара сатып алынады. Аталған ауқымды жұмыс өткен жылдың соңғы екі айында жедел жүзеге асырылған шаралар, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Осы бағыттағы шаруалар қатарына аудан бойынша 35 отбасына отбасылық бордақылау алаңын ұйым¬дастыру мақсатында 105 миллион теңге несие сомасына 703 бас мал бордақыланып тұрғанын қосуға болады. Сатып алынған малды отбасылық бордақылау алаңдары арқылы жоғары қоңдылыққа дейін семіртіп, «Миялы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы қайта өңдеп, тұтынушыларға жеткізілу жолдары қарастырылуда. Осы арқылы субсидиядан үміткер несиегерге мемлекеттің қолдауын алуға қолжетімділігі арттырылады.
«COFCO» компаниясымен бірлесіп «Евразия АгроХолдинг» ЖШС-мен агроөнеркәсіптік кешені саласындағы инвестициялық жобалар, «Қызылорда AGROPLus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне томат пастасын өндіру зауытының құрылысы 2017 жылы жоспарлануда. Көкөніс өнімдерін өсіру және өндіру үшін 2995,5 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы табысталды.  
2016-2017 жылдарға көкөніс өнімдерін өсіру және өңдеу арқылы томат пастасын және концентраттар өндіру жобасы қолға алынды. Жоба құны – 2 млрд 850 млн теңге. Толық қуатына кіріскенде 600 адамды жұмыспен қамтиды. 3000 гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен қызанақ егіледі, жылына 12 мың 750 тонна томат пастасын шығаратын зауыт салынады. Зауыт технологиясы Қытай мемлекетінен алу жоспарланып, оны жүзеге асыру жолында дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді. Яғни, аудан басшысының ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту арқылы тұрғындардың еңбекке тартылуы мен олардың тұрмыстық жағдайларын арттыру туралы ойы орнықты.
Иә, дана халқымыз айтпақшы, «малы бардың халі бар». Атакәсіпті замана талабына сай өрістетіп, өнімін нарыққа шығару расында пайдалы болмақ. Өйткені, ет-сүт өнімдері әлемде сұранысқа ие тауарлар қатарында. Келешекте мұнан да өрістей түседі деген болжам бар.
    
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2017 г. 577 0