
Қызылордада «Centre Nova Diagnostic» клиникасының жаңартылған ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов және «Centre Nova Diagnostiс» ЖШС бас директоры Жұмабек Жанықұлов қатысты.
Клиника толығымен құрал-жабдықтар базасын қайта жаңартып, ұсынылатын қызмет түрлерін де арттырды. Компанияның даму жобасы мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асты. «Centre Nova Diagnostiс» ЖШС «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 17 пайыз үстемемен 180 млн теңге несиені «БанкЦентрКредит» АҚ рәсімдеді және оның 7 пайыз мөлшердегіүстемені мемлекет субсидиялауда. Өз кезегінде компания банк алдындағы кепілмүлікпен қамтамасыз етудің жетіспеушілігін оң шешуге мүмкіндік берген «Даму» Қорының 50 пайыз кепілдендіруі арқылы несие қаражатына қол жеткізді.
Клиниканың тартымдылығы – жоғарғы деңгейдегі медициналық қызмет және жалпы сапалы қызмет ауқымы, сондай-ақ емделушілердің бір мекеме аумағында көпбейінді әрі кешенді тексерілуі мен зерттеулер жүргізу мүмкіндігін жүйелі ұйымдастыра білудің нәтижесі. Бүгінгі таңда «Centre Nova Diagnostiс» ЖШС медициналық қызмет көрсету бағытындағы үнемі үздіктер қатарынынан көрінетін орталық және де Қазақстанның алты қаласында өз филиалдары бар.
Филиал директоры Ғалымжан Шабдаровтың сөзінше, компания өз жобаларын мемлекеттік қолдау аясында осымен бірнеше рет жүзеге асырып келеді. «Даму» Қорымен әріптестік қарым-қатынастың нәтижесінде Алматы мен Өскемен қалаларындағы филиалдарға жаңа қондырғылар сатып алынды. – Біз осы межемен шектеліп қалмаймыз. Біздің команда алдыға нақты мақсаттар қойып, белсенді жұмыс жасай біледі. Сондықтан да ендігі жоспарымыз — күндізгі стационардағы кереует-орындардың санын арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу болып отыр.