Өлеңіне өмірді сыйғызған ақын

Өлеңіне өмірді сыйғызған ақын ... Жылу алмас гүл қардан,
Күншуаққа көңіл зар...
Жүрегімнен бүр жарған,
Өлеңімде – өмір бар, - деп жырлаған жалағаштық ақын Қуат Адистің өлеңдері мыңдаған жүрекке жылу сыйлап келеді.
Ақын Қуат бүгінде әдеби ортада өзіне тән болмыс-бедерімен танылған дарынды жан. Оның дәлелі сонау Тұманды Альбионды мойындатуы. Ақындығы, жазушылығы, журналистігімен қатар балаларға арналған өлеңдері мен шығармалары жас буынның санасында сайрайды.
Өлеңіне өмірді сыйғызған ақын Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Қуат Адис туған жерінде "Өлеңімде – Өмір бар" атты шығармашылық кешін өткізді. Жалағаш ауданының әкімі Талғат Дүйсебаевтың қолдауымен өткен шарада ақынын ардаған елдің ықыласына қандық. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тәжмаханов, ұлттық рухымызды құнарландырып, қуаттандырып отыруда ақындар мен жазушыларымыздың орны ерекше, өнерді өрге сүйреген азаматтарымыз бар да, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік боларын, «Талай таланттардың ордасына айналған қасиетті Жалағаш жері ақын-жазушылардан кенде емес», - дей отырып ақынға аудан әкімінің арнайы «Құттықтау» хатын және естелік сыйлығын табыстады.
Әкім орынбасарының сөзінің жаны бар. Жалағаш ауданында соңғы бір айдың ішінде 6 ақынның жеке шығармашылық кеші өткізілген екен. Шынтуайтына келгенде, облыста жергілікті ақындарға мұндай қамқорлық көрсетіп отырған аудандар бірен-сараң. Бұл ретте, аудан әкімдігінің жауапты басшылары шығармашыл жандардың рухани өрлеуіне септігін тигізіп келеді.
Өлеңіне өмірді сыйғызған ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Бегімбай Ұзақбаев ақынға жылы лебізін арнай келе «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Бейбітшілік әлемі» атты Алтын медалін табыс етті. Бұның алдында осы одақтың «Шолохов» медаліне ие болған ақын Қуаттың алдағы уақытта үлкен белестерді бағындырары анық.
Кеш барысында «Сыр Медиа» ЖШС директорының орынбасары Марат Аралбаев, журналистика мен ақындықты ұштастырған дарынды азаматтың сыйлас, сырлас һәм әріптес ретіндегі орны біз үшін ерекше деді.
«Аудандық басылымда еңбек етсе де республикаға танымал ақын азаматты арда тұтамыз. Шығармашылық жолыңыз өрістей берсін, қаламыңыздан туған әрбір жыр жолдары оқырмандарыңызды бөлей берсін», - деді. Сонымен қатар, ақын шығармашылығына елімізге белгілі бірқатар көрнекті тұлғалар бейнеүндеу арқылы жақсы бағасын беріп, пікірлерін білдірді. Кеш барысында әуелете әндер шырқалып, ақын өлеңдері оқылды.
Аға буын ақындардың ізін жалғастырып, салып кеткен сүрлеу жолымен келе жатқан, ұлт руханиятына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қуат Адисұлының орамды ойлары мен шабытты жырлары, өзіндік өнерімен қазақ поэзиясында қолтаңбасын қалдырары хақ.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2017 г. 924 0