Күзет қызметі жаңа толқынмен толықты

Күзет қызметі жаңа толқынмен толықты Қызмет алдындағы ант қабылдау – әрбір жеке құрамға қабылданған кіші буын әскери қызметкерлердің өмірінде айрықша орын алатын, мемлекетке, өз елінің халқына адал болуға серт беретін айтулы сәттердің бірі.
Сенбі күні облыс орталығындағы Рәміздер алаңында облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасына қабылданған 30 жас қызметкерлерінен Ант қабылдау рәсімі өткізілді.
Мерзімді әскери қызметшілер Отанға, халқына және Елбасына адал болуға серт берді. Кеше ғана жұмысшы, оқушы немесе студент болып жүрген олар дәл осы сәтте: «Мен, Қазақстан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен Заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін!», – деп өзінің жақындары мен туыстарының, жолдастары мен командирлерінің алдында ант берді.
Жас қызметкерлерге сөзін арнаған басқарма бастығы Нәлібаев Пазылбек, Әскери ант қабылдау рәсімі – өмірдегі ерекше әрі қайталанбайтын сәт екендігін, бойларында нағыз жігіттікке тән қасиеттердің қалыптасатындығын айтып, сап түзеген қызметкерлерді ел қорғаған батыр бабалардың ерліктерінен үлгі алуға шақырды. Сондай-ақ, басқарма басшысы еліміздің Ата Заңындағы әскери қызмет туралы талаптарды айтып, ант мағынасын, жүктелген міндеттердің маңыздылығын айтты.
Рәсімде облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысқұлов Төребек, жас қызметкерлерді Ант қабылдауларымен  құттықтады.
«Ант қабылдау – ежелгі замандардан сақталған дәстүр, оның қазіргі заманғы мағынасы, мақсат-мүддесі, халық пен әскердің тарихи және ұлттық дәстүрлерінің сипатын көрсетеді», - деді. Сонымен қатар, Ант қабылдаудың маңызды құқықтық және саяси-тәрбиелік шара екенін жеткізіп, әскери қызметшілерді жаңа қызметтерімен құттықтады.
Салтанатты іс-шара соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Осылайша облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қатары жаңа толқынмен толықты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2017 г. 637 0