
Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
"Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 млн га алқапта орналастыру жоспарлануда. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 311 мың гектарға артық. Оның ішінде көктемгі егіс көлемі 18,5 млн га құрайды. ҚР Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға, құрама жем және қайта өңдейтін кәсіпорындардың жүктемелігін арттыруға, мал шаруашылығында жем-шөп базасын нығайту үшін егістік жерлерді диверсификациялау жұмыстары жүргізілуде. Мал азығы дақылдарының егістік көлемі - 206 мың га, майлы дақылдар - 60 мың га, қант қызылшасының егістік көлемі 7 мың га артады деп жоспарланып отыр", - дейді Қ.Айтуғанов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы АӨК субьектілерімен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 60 млрд теңге несие бөлінген. Осы қаражаттың шеңберінде жалпы 3 млн га егістік алқапты қамти отырып, 1500 АӨК субьектісін қаржыландыру көзделіп отыр екен. Бірінші кезекте майлы дақылдар мен мал азығы дақылдары қаржыландырылады.
"Мемлекеттік бағдарламаның аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында тұқым шаруашылығын қолдау меxанизмі жетілдірілді. Мысалы, биылғы жылдан бастап, бірегей және элиталық тұқымдарды субсидиялау қайтадан басталатын болады. Ал бірінші репродукциялы тұқымдар тек басымды дақылдар бойынша және ең төменгі нормасыз субсидияланатын болады. Бұдан басқа жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттері және бірінші ұрпақты буындарын субсидиялау жалғастырылады", - дейді бірінші вице-министр