
Бұған дейін хабарланғандай еліміздегі ХҚКО түнгі уақытта да жұмысын жалғастыратын болады. Екі ай уақыт сынақ ретінде жүргізілген қызмет түрі бүгіннен бастап нақты іске көшті. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев хабарлады, дейді BAQ.kz тілшісі.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Астана қаласындағы Есіл ауданына қарасты Сауран көшесі 7-үйде орналасқан ХҚКО бұдан былай таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін қызмет көрсетпек.
"Бұдан бұрын айтылғандай, «Азаматтарға арналған үкімет» қанатқақты жобасын іске қосты. Осыған сай енді Астанадағы Сауран 7 мекенжайындағы ХҚКО таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді. Мұның қаншалықты тиімді болары 2 ай бойы бақыланбақ. Егер келушілер қатары артатын болса, осындай ХҚКО-ларды Алматыда, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде де ашу қарастырылады" - деді Министр.
Естеріңізде болса, бұған дейін ХҚКО жұмысы түн ортасына дейін ұзартылуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.