Асанәлі Әшімов: Елбасы мақаласы маңызды, енді сөзден іске көшейік

Асанәлі Әшімов: Елбасы мақаласы маңызды, енді сөзден іске көшейікЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы  мақаласы өте маңызды. Енді сөзден іске көшу керек, дейді қазақ киносының мэтрі Асанәлі Әшімов бүгін Алматыдағы «Достық үйінде» өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесуде.
Айта кетейік, бүгін Алматыда зиялы қауым өкілдері кеше, 12 сәуір күні «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талдауға арналған дөңгелек үстел басына жиналды. Жиында Асанәлі Әшімов мақалының маңыздылығына тоқталды. «Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Руханият  барлық адамға азық. Елбасы мақаласы өте маңызды әрі күрделі. Бұған дейін саяси, экономикалық мәселелер көбірек қозғалып келді, бұл жолы Елбасымыз рухани жаңғыру мәселесін көтеріп отыр. Жүрегімізге қонды. Енді сөзден іске көшу керек», - деді қазақ киносының ардагері.
Сонымен қатар, ол латын әрпіне көшуге қатысты өз ойын айтты. «Латынға көшу қаншалықты керек, қаншалықты керексіз, осыны талдауымыз керек. Елбасы туған жерге қамқорлық туралы, қала мен даланың арасын жақындатайық деген мәселені айтып отыр. Бұл  қазіргі жағдайда керек дүние. Латын қарпіне көшу туралы оны құрастырушылар айтады: «латын қарпі тек қазақ мектептерінде ғана болады. Бұл қазақ тіліне ғана қатысты», деп. Орыс мектептерінде 70 пайыз қазақ балалары оқиды, оларды қайтеміз? Ақыры бастасақ, барлығына бірдей жасау керек. Орыс мектептерін де көшіру керек. Өйтпесек, 70 пайыз қазақ бала қайда қалады? Осындай мәселелерді талқылайық, шешейік, бүгінгі жолдайтын хатымызда осыны көрсетейік», - деді Асанәлі Әшімов.  
 Жиын соңында зиялы қауым өкілдері Елбасы мақаласына қолдау танытып, өз ұсыныстары жазылған хатты Ақордаға жолдады. 



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2017 г. 582 0