ҰОС ардагерлеріне мерейтойлық медаль табысталды

ҰОС ардагерлеріне мерейтойлық медаль табысталды Қызылордалық 3 ардагерге «Мәскеу үшін шайқасқа 75 жыл» төсбелгісі берілді деп хабарлайды Хабар 24 арнасы. Майдангерлерге марапатты Ресейдің Алматыдағы бас консулы Алексей Демин табыстады. Кеңестер Одағының астанасын қорғауға жүздеген сырбойылық қатысты.
Мәскеу түбіндегі ұрыста батылдығымен көзге түскен жауынгердің бірі – Бөрібай Құлманов. Минометшілер ротасының командирі болған қарт майдангер кездесу барысында сұрапыл шайқастар турасында сыр шертіп, жеңімпаз ұрпақтың көзсіз ерлігін дәріптеді. Мерейтойлық медаль сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әбдіраман Әбішев пен Кеңесбай Қалиевке де табысталды.
Мәскеуді жау қолынан аман алып қалғандарға құрмет ретінде шығарылған бұл төсбелгі Ресейде өткен жылдан бастап беріле бастаған. Қазақстандық жауынгерлердің ерен еңбегін ескерген Мәскеу басшылығы тағдырлас көрші елдің батырларын да ұмыт қалдырмауды жөн көріпті.
Бөрібай Құлманов, соғыс ардагері: - Сол соғыста мен Мәскеуді қорғадым. Мәскеу түбінде көптеген бекініс жасап, көптеген құрылыс салдық. Ел үшін, халық үшін деп, күрес жүргіздік. Патриотизмде шек болған жоқ. Соғысқа бармаймын деген адам болмады. Тек алда тұрған мақсат – жауды жеңу, жеңіске жету. Сол жеңістің арқасында, шүкір, ел-халық аман, - дейді ардагер.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2017 г. 528 0