Қызылорда облысының өнерпаздары бұған дейін де халқымыздың қасиетті өнерін алыс және жақын шет елдерде паш етіп, талғамы биік көрермендердің ықыласына бөленіп келеді. Еліміздің барлық қалаларымен бірге, шетел асып ән шырқаған өнер иелерінің биылғы шығармашылық кеші туыстас Әзербайжан елінде жалғасуда.
Айта кетейік, Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері облыс әкімдігі мен Әзербайжан Республикасының мәдениет және туризм министрлігінің және халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының қолдауымен өткелі отыр. Сонымен, 12-15 сәуір аралығында Әзербайжан Республикасының екі қаласында, яғни елдің астанасы Баку мен Шеки шаһарларында Сыр өнерпаздарының бірнеше мәдени шарасы өтеді. Айтулы шара Қазақстан мен Әзербайжан Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылуда.
Төрт күнге жалғасатын мәдени шарада облыстық филармонияның «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Томирис» би ансамблі, сондай-ақ, жыршы-жыраулар Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, классикалық әндердің орындаушылары Талғат Мұсабаев, Самал Байсейтова, Мақсат Мақұлбеков, Мағжан Аманжолов, Венера Алпысбаева және Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері өнерлерін ортаға салады.
Облыстық филармония өнер иелерінің концерті 12 сәуір күні Баку шаһарындағы Әзербайжан мемлекеттік музыкалық театрында өтеді. Жергілікті «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі 20-дан астам номерді сахнаға шығаратын болады. Оркестрге халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің дирижері Мүсілім Әмзе мен бас дирижер Кеулімжай Ботабаев жетекшілік жасайды. Ал келесі күні Бакудегі С.Вургун атындағы дарам театрда Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері белгілі әзербайжан драматургі М.Ахундзаденің «Кетпейсің! Бәрібір кетпейсің» атты комедиялық шығармасын сахналайды.
Сондай-ақ, 14 сәуір күні Шеки қаласында облыстық филармония өнерпаздарының концерті өтеді. Ал 15 сәірде театр ұжымы жергілікті автордың комедиялық жанрдағы аталған шығармасын Шеки шаһары тұрғындарының назарына ұсынады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Әзербайжан Республикасымен достық қарым-қатынас күн санап нығайып келеді. Жуырда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің кездесуі – түбі бір туыстас елдердің осы достық қарым-қатынастың айқын дәлелі.