«БОЗТОРҒАЙ» БАСТАЛДЫ

Бүгін Қызылордада облыстық ХІХ «Бозторғай» балалар шығармашылығы конкурсы басталды. Оған аудандар мен қалада өткен іріктеу кезеңінің 500-ден астам жеңімпазы қатысып жатыр. Шараның шымылдығы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде түрілді. 
Биылғы байқаудың ерекшелігі көркемсөз оқу сайысының бағдарламаға енгізілуі болды. Одан бөлек, балалар ән, хореография және халықтық орындау жанрлары бойынша бақ сынайды. Қатысушыларға облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Сәбит Амангелдиев сәттілік тіледі. Ол Сыр елі мәдениеті мен өнерінің өрістеуіне аймақ басшысы әркез қолдау білдіретінін жеткізді. 
1999 жылы Алматы қаласында басталып, 2003 жылдан халықаралық деңгейде өткізіліп келе жатқан «Бозторғай» байқауында бұл жолы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Әлмырза Ноғайбаев, ҚР мәдениет қайраткері Жұмабек Аққұлов, композитор Сәбит Ұлықпанұлы сияқты мамандар төрелік жасады. Екі күнге созылатын шығармашылық конкурсының қорытындысымен бас жүлдегерлер мамыр айында Алматыда өтетін халықаралық байқауға қатысады. 

Н.САНИЯЗОВА.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 сәуір 2017 г. 738 0