
Бұл туралы "Өрлеу - Консалтинг" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дастанбек Жұпан әлеуметтік желілерде хабарлайды.
Ардақты ағайын, құрметті бауырлар!
Біз сіздермен «10 теңге - 10 үй» жобасы бойынша әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызда қауышқанымызға өте қуаныштымыз!
Бұл жоба – қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған баспана мәселесін шешудің тиімді жолдарының алғашқы бастамасы болмақ.
Бүгінде елімізде мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген тұрғын үйлер салынуда. Бірақ, өкінішке қарай, қаншама адам тұрғын үйге мұқтаж. Әсіресе, жастардың көбісі үйге қол жеткізе алмай жүргені рас. Осы ретте, "Өрлеу-Консалтинг" жастар қоғамдық бірлестігі орын алған осы түйткілді мәселенің шешімінің бірден-бір жолы ретінде «10 теңге - 10 үй» атты қайырымдылық жобасын ұсынады.
Осыдан аз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде "1 теңге - 1 үй" атты идея шыққан болатын. Әрине, құптарлық идея, дегенмен, жан-жақты ойластырылмаған ой деуге болады. Себебі, бұл халық үшін қолайсыздық туғызады. Өйткені, 1 теңгені ешқандай терминалдың қабылдамайтыны рас. Онда ең аз сома 10 теңгені құрайтындықтан, ақшаны аудару адамдарға қиындық тудырады. Ал, арнайы жәшіктер арқылы жинау әдісі бар дейтін болсақ, ол әдіс ескірген. Қазір технологияның уақыты, сондықтан заман талабына сай терминалдар мен түрлі банктік қызметтер бұл әдістің орнын басқан.

Жобаның басты мақсаты – аз қамтылған отбасы, мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы аналар және жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Халқымыз қашан да қайырымдылықтан кенде болмаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бұл қасиет оның ұлттық болмысының ажырамас бір бөлігі болса керек. Ата-бабалардың игі дәстүрін ұрпақтары жалғастырып келеді. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» т.б. сөздер соның айғағы. Сонымен қатар, «Жақсыдан – шарапат" деген мақал бар. Мұндағы «Шарапат» сөзі қайырым, мейірім деген мағынаны білдіреді. Шарапатты іс жасау кез-келген адамның қолынан келеді.
Бізде ресми деректер бойынша, 17 миллионнан астам халық бар десек, соның әрқайсы апта сайын немесе айына бір рет болса да 10 – 100 теңге салса, бұл жылына 100 отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беретіні анық.
Бүгін ашып отырған осы ресми парақшаларымыздың негізгі мақсаты – үйлі болуға мүмкіндігі жоқ жандарға барынша көмектесе отырып, сіздерді біздің бірлестіктің қызметтерімен, жаңалықтарымен, түрлі іс-шараларымен, алдағы жоспарларымен кеңінен таныстыру.
Біз әлеуметтік желілерде алға қойған мақсатымызды жүзеге асыру жолында үздіксіз жұмыс істейміз. "Көп түкірсе - көл" демекші, Сіз болып Біз болып мұқтаж жандардың үйлі болу бақытына себепкер болсақ, біздің миссиямыздың орындалғаны.
Қайырымдылық – асыл қасиет. Шексіз мейірімді, шексіз рақымды Алла мұсылман құлдарына әрқашан да бір-біріне мейірімді, қайырымды болуға үндейді. Сондықтан, әрқашан бізбен бірге болыңыздар!
Барлық сұрақтар бойынша: 8 771 338 10 10 https://www.facebook.com/10-%D1%82%D0%B5%D0%BD%D0%B3%D0%B5-10-%D2%AF%D0%B9-1903792616522335/?pnref=story