ТАЛАП АРЫЗДАР ТҮГЕЛ БІР ТЕРЕЗЕДЕН ҚАБЫЛДАНҒАН

Биыл І тоқсанда облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 630 талап арыз, 25 азаматтық іс түскен. Сот төрағасы Айбек Дәуренбеков бұл туралы баспасөз конференциясында айтты. 
Өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда істер саны 74-ке немесе 11,3 пайызға көбейген. Облыс бойынша аяқталған істердің 11,4 пайызы осы соттың үлесінде. Шешім шығару арқылы аяқталған істер саны 13 пайызға артса, сот бұйрығын шығару көрсеткіші 76,9 пайызға азайған. Аяқталған істердің 29,6 пайызы оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған. Сот төрағасы кейбір заңнамалық актілердегі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
– Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты жауапкерге немесе үшінші тұлғаға талап арыздың көшірмесі мен тіркелген құжаттарды жолдау немесе табыстау жүктеледі. Жауапкер талап арызды алғаннан бастап он күн ішінде қарсылық білдіре алады. Алғашқы тыңдау мерзімі сот талқылауына істі дайындау аяқталғанна бастап он күннен кешіктірілмеуі керек, – деді А.Дәуренбеков. 
Соңғы жылдары сот тәжірибесінде заманауи технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Мысалы, тараптар сот процесі жөнінде СМС және электронды пошта арқылы біліп отыратын болды. «Сот құжаттарымен танысу», «Сот кабинеті», «Электронды шақыру қағазы» сияқты ақпараттық жетістіктер де сол қатарда. Ал «Сот кабинеті» сервисі аясында азаматтар сот органдарының электронды сервистеріне бір терезеден қол жеткізе алады. Осы 3 айда сотқа түскен 630 талап арыз түгел «Сот кабинеті» арқылы өндіріске қабылданған. 

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2017 г. 443 0