ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Тілешов Нұрлан Шаймерденұлы Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов жұмыс кестесіне сәйкес кәсіпкерлік нысандарымен таныстырды.
Н.Тілешов алдымен жеке кәсіпкер Т.Игіліковтің «Балық өнімдерін өндіру, өңдеу цехын» аралап көрді. Балық өңдеу зауытында тәулігіне 5,0 тоннаға дейін балық сүбесін өндіріледі. Қазіргі таңда өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау мақсатында «Еврокод» алу жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан соң «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының жұмысымен танысқан инспектор елімізде отандық өнімді өндіруге қолдаудың ерекше екендігін жеткізді. Жергілікті өнімнің дәмін татып, оң бағасын берді.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Н.Қазбергеновтің конфет цехында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінде «Қазалы» конфетіне еліміз бойынша сұраныс жоғары. Цехта 17 адам жұмыс жасауда.
Бұдан кейін мемлекеттік инспектор «Сыр маржаны» ЖШС-нің мал бордақылау кешенінде болды. Бүгінгі күні бордақылау алаңының қуатылығын 3000 басқа ұлғайтуға реестр алынып, тиісті жұмыстар жасалынуда. Сондай-ақ, осы жерге консерві зауытын қою жоспарланып, ет кластерін жасау үшін дайындық жүргізілуде.
Сапар барысында Н.Тілешов аудандық аурухананың құрылыс жұмыстарын бақылап, Қ.Пірімов көшесіндегі «Тәуелсіздік» аллеясы мен «Жеңіс» саябағын аралады.