
Елбасының Жолдауын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру және ақпараттандыру мақсатында іс-шаралар жоспары мен медиа-жоспар әзірленіп, бекітілді. Осы орайда 8 адамнан құралған республикалық ақпараттық топ облыс аумағындағы елді мекендерде, ірі кәсіпорындарда кездесулер, «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингінде ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемов хабарлады.
– Облыстық ақпараттық-насихаттық топтың жұмысын кезең-кезеңмен ұйымдастыру жоспарланған болатын. Бірінші легі 10-25 ақпанда Арал, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорғанда өтсе, екінші легі 13-16 наурыз аралығында Қазалы, Жалағаш аудандарында жалғасын тапты. Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндіру үшін облыс әкімінің өкімімен 129 адамнан жасақталған 9 облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, әрбір аудан, Қызылорда және Байқоңыр қалаларына бару кестесі бекітілді. Осындай топтар барлық аудандар мен Қызылорда қаласында құрылып, барлығы 44 топқа 259 адам енгізілді, – деді ол.
Елбасы биылғы Жолдауында қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру туралы тапсырма берді.
– Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын белсенді жүргізіп, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл істе мемлекеттік емес сектордың және діни бірлестіктерді белсенді түрде тартудың маңызы жоғары. Тапсырма бойынша әзірленіп жатқан 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада қамтылуда. Бұл мәселе облыс әкімінің биылғы іс-қимыл жоспарына да енгізілді, – деді Е.Рүстемов.
Айта кету керек, облыстық ішкі саясат басқармасында «Діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын сайттарды анықтау және қарсы насихаттық жұмыстарды жүргізу» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Осы жылдың I тоқсанында 500-ге жуық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде күмән келтірген 141 сайт Дін істері комитетіне жолдандып, Комитет тарапынан 5 сайтқа теріс қорытынды беріліп, сот сараптамасын тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органға жолданған.
Шынар АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.