
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы «Жастар Отанға!» партиялық жоба аясында Елбасы Жолдауындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында білім алушы жастарды кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды.
Шараға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» облыстық филиалының, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшылық құрамы, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен жасотандықтар қатысты.
«Стратегиялық маңызды құжатта Президент бес басым бағыттарды белгілеп берді. Оның ішінде екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Әсіресе кіші және орта бизнестің дамуына ерекше көңіл бөлінген. Біздің мақсатымыз – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50% жеткізу. Бұған еш кедергі жоқ. Себебі ел азаматтары ауылда да, қалада да өз бизнесін жүргізу үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алып жұмыс жасауға мүмкіндіктер қарастырылып отыр», - деп атап өтті қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының менеджері Бағдат Жомартов, кәсіп ашқысы келетін жастарға қор арқылы бизнес жоспар жасап, тегін оқу курстарына қатысып, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие алуға болатындығын түсіндірді. Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы және «ҚазАгро»-ның облыстық филиалдары мамандарымен бірге қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарына арналған «Кеңес беру күні» акциялары ұйымдастырылып отырғандығын айтты.
«Акция барысында жұмыссыз және аз қамтылған отбасы балаларын кәсіпкерлікке тарту мақсатында кеңес, ақпарат беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара бүгінгі күнге дейін 7 ауылдық округте өткізілді. Және тоқсанына бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Бағдат Жомартов.
Кездесу барысында жастар мамандармен еркін - пікір алмасты. Кәсіпкерлер бизнес жолында бастарынан өткен қиындықтарға және жеткен жетістіктеріне тоқталып, жаһандану заманында бизнестің жаңа түрлерімен шұғылдануға кеңес берді.
Өз сауалдарына толық жауап алған студенттер бос уақытын тиімді өткізуді әрі кәспкерлікпен шұғылдануды қолға аламыз деген оймен тарқасты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.