Бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы ел арасында үлкен дау тудырған xалықаралық терминдер қайта қалпына келтірілгенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
"Терминология мен ономастиканың қазақ тілінің дамуындағы рөлі ерекше. Есептік кезеңде 8000 мың термин бекітілді. Ел арасында үлкен резонанс тудырған кейбір сөздерді 2014 жылғы Елбасының тапсырмасына сәйкес терминология комиссиясы қарастырды. Мысалы, шаптырма, субұрқақ қайтадан xалықаралық "фонтан" сөзіне қайта ауыстырылды. Күйсандық - пианино, ғаламтор - интернет, мұражай - музей, қисын - логика, сазгер - композитор болып xалықарлық қолданыстағы атауына қайта өзгертілді", - дейді Арыстанбек Мұxамедиұлы.
Оның айтуынша, алдағы жылы тағы бірнеше сөз өзгереді екен. Мысалы, пайыз - процент, әнұран - гимн, иегері - лауреаты болып ауысады екен.
Айта кетейік, наурызда Елбасы журналистермен кездескенде дұрыс аударылмаған xалықаралық терминдерге қатысты сын айтқан еді.
"Бізде 1600 шетелдік термин бар. Соны қазақтың тіліне енгізіп, қазақтың тілін байытудың орнына, біздің лингвистік комиссия соларды неше түрлі етіп аударады. Марқұм Еркеғали Рахмадиев айтатын еді, «мен композитор едім, сазгер болдым енді» деп. Менің пианиномды күйсандық деп аударыпты дейтін. Пианино деген - «Piano» емес пе, барлық тілдерде солай ғой. Неге оны енгізіп, тілімізді байытпасқа. Толып жатыр сондай сөздер, балконды қылтима дейді, пайыз деп алдыңыздар, мен пайыз деген сөзді қолданбаймын тіпті, «percent» барлық тілде де", - деген болатын Н.Назарбаев.