Қызылордалықтар жарылыстан соң Петерборда оқып жатқан балаларына алаңдады

Қызылордалықтар жарылыстан соң Петерборда оқып жатқан балаларына алаңдадыСанкт-Петербор метросында болған жарылысты естіген қызылордалық ата-аналар сондағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан студент балаларына алаңдай бастады. Олар балаларының аман-саулығын білу үшін облыстық білім басқармасынан көмек сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Санкт-Петербордағы қызылордалық студенттердің ата-аналары комитетінің төрайымы Майра Боранбаева кеше кешке Фейсбуктегі парақшасына: «Бүгінгі сұмдық оқиға жүрегімді ұшырды, Аллаға шүкір, қызым хабарласты, екі сағаттан бері жатақханаға жете алмай жатыр екен. 91 баланың қазір 52-сі ғана хабарласты. Қызылорда Облысының Білім Басқармасына хабарласып, студент балаларымызды түгендеуге көмек сұрадым. Біздің балалар үшін дұға жасаңыздаршы, достар?!» - деп жазған болатын.
Содан кейін басқа ата-аналар да бұл жазбаның астына балаларын уайымдап, пікір қалдырды.
Бұған облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев жауап жазды. Оның айтуынша, Санкт-Петербордағы теxнологиялық университетте оқитын студенттер жағдайы облыстық білім басқармасының бақылауында.
«Жарылыс болған «Сенная метро» станциясы біздің балалардың жолы емес. Университет басшылығымен, ҚР Ресейдегі елшілігінің Петербургтегі консулдығымен байланыстамыз. Студенттер де бір-бірімен телефон арқылы байланысып бізге xабарлап отыр. Балалар аман, жатақxанаға жету қиындап, кешігіп келуде. Сабырлық сақтауларыңызды сұраймын», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, білім басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев та ата-аталарды сабырға шақырды.
«Жарақаттанған адамдардың қатарында біздің студенттер жоқ екенін консулдық хабарлады. Қазір барлық студентпен қатынас орнатып жатырмыз. Арнайы операция жүруіне орай байланыс сапасы төмен жəне қоғамдық көліктің жұмысы ішінара тоқтатылған. Осыған байланысты студенттер жатақханаларға кешігіп келуде», - деп жазды Ерлан Жағыппарұлы.
Ал бүгін білім басқармасы баспасөз қызметінің маманы Сұлушаш Сапарбаеваға хабарласқанымызда, Санкт-Петербордағы қызылордалық студенттердың барлығымен байланыс орнатылғанын айтты.
«Қазіргі таңда барлығымен байланысқа шығып үлгердік. Бәрі дін аман. Қауіпсіз жерде, зардап шеккендер жоқ. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», – деді ол.
Ата-аналардың бірі Ботагөз Ажарбаевамен тілдескенімізде, ол Санкт-Петербордағы теxнологиялық университетте білім алып жатқан ұлымен сөйлескенін жеткізді.
«Болған оқиғадан соң балам Ерниязға хат жазған едім. Артынша өзі хабарласты. Басқа балалар да аман екен», - деді Ботагөз.
Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен сырбойылық жастар Ресейдің гранты есебінен Мәскеу және Санкт-Петербор қалаларындағы маңдайалды университеттерде білім алуда.

Ибраш ӘЛИ


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 сәуір 2017 г. 534 0