Қызылордалық полицейлер бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің алдын алу, алаяқтық қылмыстарының жолын кесу, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде 6 алаяқтық қылмысын жасаған 34 жастағы қала тұрғынын құрықтады.
Атап айтқанда, күдікті азаматша Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің тұрғынына 2016 жылы қазан айында Қызылорда қаласы, Арай мөлтек ауданынан 3-бөлмелі пәтерді арзан бағаға алып беремін деп, аталған Арай мөлтек ауданындағы пәтерді 1-күнге жалға алу арқылы жәбірленушіге көрсетіп, одан осы пәтердің құжаттарын рәсімдеу үшін жалпы 1.200.000 ( бір миллион екі жүз мың ) теңге ақшасын алдап алған.
2016 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласының тұрғыны 1966 жылы туылған азаматшаға еш қиындықсыз таныс адамдары арқылы несие алып беремін деп, ол үшін жәбірленушіден 7000 теңге ақшасын алдап алған.
2016 жылдың қыркүйек айында да облыс орталығының тұрғыны 1971 жылы туылған азаматшаға өзінің атынан және жолдасы мен қызының аттарынан несие шығарып беремін деп, жалпы 21.000 теңге ақшасын алдап алады.
Сонымен қатар, 2016 жылы осы азаматшаға Арай мөлтек ауданынан 3-бөлмелі пәтерді 1.000.000 теңгеге алып беремін деп, жалға алу арқылы пәтерді жәбірленушіге көрсетіп, 900.000 теңге ақшасын алған.
Осыдан кейін жәбірленушіге Әйтеке би көшесінен 2-бөлмелі пәтерді арзан бағаға алып беремін деп, Әйтеке би көшесінің бойындағы жалдамалы пәтерді 1-күнге жалға алу арқылы жәбірленушіге көрсетіп, 970.000 теңге ақшасын алдап алған.
Қызылорда қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз азаматшаға «бухгалтер» қызметіне бір мекемеге жұмысқа тұрғызып беремін деп, одан 300.000 теңге ақшасын алдап алған. Алайда ақшасын алғанмен, уәдесінде тұрмаған.
Қазіргі таңда осы істерге қатысы бар күдікпен ұсталған 1983 ж.т., уақытша жұмыссыз азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі