
Шардж қаласында (БАӘ) мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жеңіл атлетикадан өткен халықаралық лицензиялық турнирде жерлестеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Атап айтсақ, Ислам Салимов 100 м. жүгіруде екінші орынды иеленіп, Қазақстанның және өз рекордын жаңартты. Сондай-ақ, ол 200, 400 м. қашықтыққа жүгіруден күміс жүлдені еншілесе, ұзындыққа секіруден бірінші орынды жеңіп алды. Еламан Жоламан найза лақтырудан жеңімпаз атанды. Қолғанат Бақберген найза лақтырудан жүлделі 2-орынға ие болып, өз нәтижесін жаңартты.
Ислам мен Еламан шілде айында Лондонда өтетін Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Ал Қолғанаттың алдында әлі іріктеу сындары бар.
Жалпы жарысқа 18 мемлекеттің спортшылары қатысты.
Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыларды жарысқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Мощеев дайындады.