Бүгін, 13 қаңтарда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев полимер құбырларын өндіруші «Қуат» ЖШС-ның жұмысымен танысты.
Жоғары сапада өнім өндіретін компания 1992 жылы шаруашылық субъектісі ретінде құрылып, 1996 жылдан бастап өндіріс қызметін бастаған болатын. Бүгінде шаруашылықта жоғарғы тығыздықтағы төмен қысымды полиэтилен және поливинилхорид өнімдері өндірілуде. Кедендік одақ стандартына сай жұмыс атқарып, диаметрі 25-630 мм-ге дейін ТНД, 90 мм ПВХ құбырын жасауда компанияның мүмкіншілігі зор. Өндіріс базасы төрт өндіріс цехы, шикізат және дайын өнімдерге арналған қойма, кран асты аумағынан тұрады. Бүгінде «Қуат» ЖШС-ы Ресей, Германия, Қытай секілді алпауыт елдерден әкелінген озық қондырғылар арқылы су, кәріз, газ жүйесіне, жер асты ұңғымаларына арналған құбырлар даярлап еліміздің барлық аумағы мен Ресей мемлекетіне экспорттауда.
Өндіріс орнымен танысу барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірімізде жүргізіліп жатқан газ, су жүйелері үшін өнімді өзге аймақтан емес, өзімізден алу керектігіне тоқталды. Алдағы уақытта тапсырысты аталмыш компанияға беруге бірқатар басшыларға тапсырмалар жүктеді. Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ