Көркемсурет галереясы мен Арал қорғау қоры «Ертегі кейіпкерлерін саламыз» атты мүмкіндігі шектеулі жас суретшілер арасында байқау ұйымдастырды.
Наурыз мерекесіне орай өткен сайысқа қала мектептердін 34 оқушы қатысып, тақырыпқа сай композицияларды қағаз бетіне түсірді. Қылқаламды серік еткен жас суретшілердің қиялынан туған дүниелер айқын бояуы, өзіне тән образдылығы мен тақырыптық мазмұны жағынан бір-бірінен асып түсті. Олар өз жұмысында түрлі-түсті қарындаш, гуаш пен акварельді қолдана отырып, көрерменнің ертегілер әлеміне саяхаттауына мүмкіндік берді. Суреттерді көрген көпшілік таңданысын жасыра алмады. Себебі әрбір картина көркемдік үйлесімімен, бояу таңдай білу әдісімен ерекшеленіп тұрды. Қорытындысында галерея меңгерушісі Гүлнар Рамазанова барлық қатысушының бас жүлдеге лайықты екенін айтып, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың өнерге деген ынта-ықыласын арттырып, өмірге көзқарасын қалыптастыруды, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға шақыруды мақсат ететін мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мөлдір СНАДИН.