Жалпыға ортақ жаңа жүйе

Жалпыға ортақ  жаңа жүйеҚорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында елімізде қолға алынатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіруге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. 
Басқосуға жоғары оқу орнының ұстаздары мен студенттері, емдеу алдын алу ұйымдары бас дәрігерлерінің орынбасарлары мен  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты. Шараны Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің тәрбие жұмыстары және жастар саясаты басқармасының басшысы  Жандос Базартай ашып, жүргізіп отырды. 
Жиында медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Бақыт Исмаханбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, оның маңызы жөнінде жан-жақты түсіндіріп берді.
–2015 жылдың қараша айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабыданды. Аталған заң жобасы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-ші қадамын іске асыру шеңберінде әзірленді. Заң жобасын дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды. Жаңа Заңға сәйкес азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған (салық органына өзін-өзі қамтыған азамат ретінде немесе әлеуметтік сала органдарында жұмыссыз ретінде тіркелмеген, қорға жарна төлемейтін) тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбу¬латорлық-дәрілік қамтамасыз етіле¬тін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Екіншісі – жаңа-дан құрылатын медициналық сақтан¬дыру Қоры ұсынатын сақтандыру паке¬ті. Оған абулаторлық-емханалық кө¬мек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), ста¬ционарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, пал-лиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек кіреді,– деп атап өтті Б.Исмаханбетов.
Б.Торғайбайұлының айтуынша, аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін және қорға жарналар төлейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен, әлеуметтік осал топ мүшелері үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жұмыскерлер мен жалдамалы жұмысшылар үшін аударымдар және қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейтін болады.
Мемлекет төлейтін әлеуметтік осал топ үшін жарнаның мөлшерлемесі статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын соңғы екі жылдағы орташа айлық еңбекақының мөлшері негізінде есептелінеді.
Басқосуда қатысушылар жаңа жүйеге байланысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған мамандар тарапынан тұщымды жауаптар қайтарылды. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2017 г. 634 0