Еліміз бүгінгі таңда экономикалық артта қалушылық аймағынан суырылып шығып, экономикасы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірді. Енді біз алға батыл қадам басуымыз және үшінші жаңғыруды бастауымыз қажет.
Халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2013 жылдың 3 шілдесінде қабылданған болатын. Сонымен бірге кейбір заңнамалық актілерге мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заң да қабылданды.
Аталған заң мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Жеке және заңды тұлғаларға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде олардың құқықтары мен міндеттерін іске асырудың құқықтық тетіктерін айқындайды. Сондай-ақ, Конституцияның 13-бабында көрсетілгендей, әр адаммен білікті және сапалы заң көмегін алуға жағдай жасайды.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін осы Заңда «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіпте адвокаттар, «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте нотариустар, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке сот орындаушылары көрсетеді.
Құқықтық мемлекет қалыптастыруға бекінген біздің елде тегін қызмет бұған дейін тұрғындарға көрсетіліп келді. Тегін заңдық көмекті барлық мемлекеттік орган қызметкерлері өз құзырет шеңберлерінде көрсуге міндетті. Адвокаттармен көрсетілетін тегін заң көмегі алимент өндіріп алу, зейнет ақы және жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығысыз қалған кәмелет жасына толмағандар, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектер мәселелері бойынша, сондай-ақ іс жүргізу заңнамасында көрсетілген жағдайлар мен тәртіпте өтініш білдірген азаматтарға қолданылады.
Барлық тегін заң қызметін көрсету бағдарламасының әкімшісі, құзыретті органы болып әділет органдары белгіленген. Бюджет қаражатының талан-таражға түспеуін әрі азаматтарға тегін құқықтық ақпарат берілуін Әділет министрлігі қадағалайды. Аталған заң аясында сұрақтар пайда болған жағдайда Қызылорда облысы әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөліміне 231006 телефоны бойынша жүгінуге болады.
Х.АЛИЕВ,
облыстық әділет департаментінің
бөлім басшысы, Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі.