Қашанда төл өнерін ұлық тұтатын Қазалыда ерекше сайыс өткізілді. Ұлттық қол өнеріміздің көркемдік ерекшелігінің негізі болып саналатын ежелгі салт-дәстүріміздің бірегейі – киіз басу екені баршаға аян. Аттың жалы, түйенің қомында шыңдалған ата-бабамыз киізден тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар жасаумен қатар оған оюлап өрнек салып, қазақы нақышпен әрлеп ерекше сәнді көздің жауын алатындай текемет бұйымдарын жасағанын аға буын жақсы біледі. Өкінішке қарай, қазіргі таңда мұндай текеметтер топтамасы тек мұражайларда ғана сақталуда.
Жуырда ұлық өнерімізді жаңғырту мақсатында Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы, Абай ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Әр үйдің төрінде текемет тұрса...» тақырыбында аудандық байқауы өтті. Оған ауданның түкпір-түкпірінен келген ақ жаулықты аналарымыз қатысып, текемет пен тұскиіз басу бойынша сайысқа түсті. Байқауға аудандық оқушылар үйінің драма үйірмесінің жетекшісі Ұлжан Ахметова, Абай ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, мәдениет саласының ардагері Сақыпжамал Жұмағали, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Бекзат Әжімұрат қазылық жасады. Сайысушылар алғашқы бөлімде дайындап алып келген текемет пен тұс киіздерін көрмеге қойып, таныстырып, жасалу жолдарын түсіндірді. Ал, екінші бөлімде аяқталмаған істі сол жерде жасап бітірді. Шара барысында Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Байназар Ерқосаев құттықтау сөз сөйледі.
Байқау нәтижесінде Сарбұлақ ауылының тұрғыны Күміскүл Рахметова бас жүлде алса, абайлық Мейрамкүл Көптілеуова І орынды иеленді. Жүлделі екінші орынды бекарыстандық Шынар Қожақова мен Бозкөл ауылынан келген Бейбіт Әбдіраманова еншіледі. Келесі орындарды Қожабақы ауылы атынан қатысқан Мәдина Қаржаубаева, кәукейлік Күлзираш Балмасова және Лақалы ауылының тұрғыны Марияш Досжанова өзара бөлісті.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.