Таланттарды қалай табамыз?

Таланттарды қалай табамыз?Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Таланттарды табу және оны тәрбиелеудегі үйірме жетекшілерінің міндеті туралы» тақырыбындағы семинар-кеңес өтті. Көркемөнерпаздар үйірмелерінің жұмысына бағыт-бағдар бере отырып үйірме жетекшілерінің шеберліктерін шыңдау мен біліктілігін арттыру және оларға көмек көрсету мақсатындағы жиынға барлық ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері қатысты. 
Көркемөнерпаздар үйірмелері – халық шығармашылығының бір түрі екені белгілі. Бұл тұрғыда аудандағы мәдениет ұйымдарының жанында бірнеше халық аспаптар оркестрі, халық театрлары, ардагерлер және әжелер ансамбльдері, отбасылық, вокалдық аспаптар ансамбльдері, хор, хореографиялық, эстрада және би ұжымдары, ақындар, бейнелеу өнері мен қолөнер үйірмелері жұмыс жасайды. Осынау өнер ұжымдары тек аудан тұрғындарының мәдени талап-тілегін өтеп қана қоймай, ауылдық жерлердегі өнерпаз-таланттардың көркемдік деңгейін өсіруде, салт-санасының қалыптасуына да сүбелі үлес қосуда. Әсіресе, ел ішіндегі көпшілікке танылмай жүрген өнер иелерін іздеп тауып, олардың эстетикалық талғамын дамытып,  жан-жақты дағдыларын қалыптастыруда қыруар іс тындыруда. Осы бағытта жұмысты саралауға арналған семинар-кеңесті аудандық мәдениет орталығының директоры  Кеменгер Өтеп жүргізіп отырды. 
Жиында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Толыбай Жүсіпов ел ішіндегі өнерпаздарды тауып, жас жеткіншектердің талантын шыңдап, жетістіктерге жету, ауыл мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстармен,  алдағы уақытта атқарылуға тиісті міндеттерге кеңінен тоқталды . 
Мұнан соң Т.Жүсіпов өнер жолында жемісті еңбек етіп жүрген  үйірмелер мен өнер ұжымдарына Алғыс хаттар тапсырды. Семинар барысында аудандық мәдениет орталығының әдіскері Айгүл Маратқызы «Халықтық атағы бар ұжымдар мен үйірме жұмысының дамуына басқа салалардың ықпалы туралы», мәдениет орталығы жанындағы №1 мәдени-демалыс кешеннің меңгерушісі Гүлбану Досан «Өнердің түрлі жанры бойынша үйірмелердің жұмысын жетілдіруде таланттарды табу және оның нәтижелері» тақырыбында баяндама жасап, «Балақай» қуыршақ театрының жетекшісі Индира Рсалиева «Үйірме жұмысының ерекшіліктері мен жетістіктері» жайлы шеберлік сағатын өткізіп, үйірме жұмыстарымен таныстырды. Кеңесте бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, нақты шешімдер қабылданды. Семинардың соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. 


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2017 г. 548 0