Былтыр қараша айында облыс әкімдігі, «Байқоңыр» ӘКК мен Еуропалық қайта құру даму банкі арасында Қызылорда қаласында заманауи автобус паркі құрып, жолаушы тасымалдайтын жаңа автобустар алып келу жөнінде меморандумға қол қойылды. Соның алғашқы ілегі 20 автобус Қытайдан келіп жетті. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жаңа автобустар сатып алуға Еуропалық қайта құру және даму банкі 18,8 млн, доллар қаражат бөлген. Экологиялық таза көліктер газбен жүреді. Мүгедек адамдардың мініп түсуіне де ыңғайлы. Автобус паркінің директоры Мұрат Нұғмановтың айтуынша бұл жаңа көліктердің сыйымдылығы 75-80 адам. Көп ұзамай Қызылорда көшелерінде мына су жаңа автобустар пайда болады. Келешекте тағы 100 автобус әкелу жоспарланып отыр. Осылайша шаһардағы күрмеуі қиын жолаушылар тасымалы мәселесі биыл шешімін табуы керек. Көлік жүргізушілері мен кондукторларға арнайы киім алынып, қазір олар қозғалыс қауіпсіздік негіздерін тағы бір пысықтауда. Сонымен қатар жаңа автобус паркін салу үшін арнайы жер бөлінді.