Түркияда жаңа маусымға дайындық жасап жүрген Қызылорданың «Қайсары» екінші оқу-жаттығу жиынындағы келесі ойынын кеше, 11 қаңтарда өткізді. Бұл жолы жерлестерімізге Ресейдің Саранск қаласының «Мордовия» командасы қарсылас атанды.
Аталмыш кездесудің тағдырын жалғыз доп шешті. Оны ресейлік ұжым сапынан 58 минөтте Александр Строков соқты. Бұл біздің команданың аталған оқу-жаттығу жиынындағы екінші жолдастық кездесу болып табылады. Олар бұдан Түркияның «Карагумрук» командасын 5:1 есебімен тас-талқан етіп жеңген еді.
«Мордовия» 1961 жылы құрылған. 2012-2013 жылғы Ресей біріншілігінде Премьер-лигада ойын көрсетіп, турнир кестесінде 15 орынды місе тұтты. Соның салдарынан олар биылғы маусымда бірінші лигада бақ сынап жүр. Қысқы үзіліске дейін «Мордовия» 24 ойыннан кейін 55 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орында келеді.
Оқу-жаттығу жиынында енді «Қайсардың» екі жолдастық кездесуі қалды. Қызылордалықтар 14 қаңтарда Бразилияның «Моги Мирим», 18 қаңтарда Ресейдің Нижний Ноогород қаласының «Волгасымен» ойнайды. Екінші оқу-жаттығу жиыны 19 қаңтарға дейін созылады