6-13 наурыз аралығында Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті базасында Пәндік комиссиялардың жұмысы жүргізілді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Білім және ғылым министрінің орынбасары Элмира Суханбердиева Пәндік комиссиялар жұмысының қорытындысы туралы айтып берді.
Ол Комиссия жұмысының объективтілігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында комиссиялар құрамы анағұрлым кеңейтіліп, нығайтылғанын атап өтті.
«17 пәндік комиссия құрылды және олардың құрамында білім беру саласының 126 білікті маманы болды. Сонымен қатар, комиссия құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де енді. Комиссиялардың қарауына мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейіне арналған оқу әдебиеттердің 1010 аталымы, 2, 5 және 7 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, арнайы (коррекциялық) мектептерге арналған оқу әдебиеттері, қосымша әдебиеттер және электрондық тасымалдағыштардағы оқу басылымдары ұсынылды. Соның ішінде 197-сі оқулық: 2-сыныпқа – 62, 5-сыныпқа – 63 және 7 сыныпқа – 72 оқулық», – деді министрдің орынбасары.
Пәндік комиссия мүшелері оқулықтарды сынақтан өткізу мен қоғамдық бағалау қорытындыларын және ғылыми-педагогикалық сараптама нәтижелерін талдап, Республикалық комиссия қарауына білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылатын оқу әдебиеттері жөнінде ұсыныстарын енгізді.
13 наурыздаРеспубликалықкомиссияныңотырысыөтті. Комиссия жұмысына Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық білім басқармаларының басшылары, ғалымдар, мектеп директорлары және мұғалімдері, сонымен қатар пәндік комиссиялардың мүшелері қатысты.
Вице-министрдің айтуынша, Республикалық және пәндік комиссиялар 2-сыныпқа арналған бірыңғай базалық оқулықтарды, 5 және 7-сыныптарға арналған баламалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейіне, арнайы мектептерге арналған оқу басылымдарын және баска да қосымша әдебиеттерді іріктеп алды.
Отырысқа қатысушылар оқу әдебиеттерін әзірлеуді, сараптауды және іріктеуді әрі қарай жақсарту үшін нақты ұсыныстарын жасады.