
Жеке кәсіпкер Жансерік Ниязбаев осыдан екі жыл бұрын Ақай ауылының тұрғындарына арнап ойын-сауықтыру орталығын ашып, балғындарды шаттыққа бөлеген болатын. Кәсіпкерді жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын өткізетін орындардың тапшылығы осы идеяны жүзеге асыруға итермеледі.
Старт-ап жобаны жүзеге асыруды қолға алған бастауыш кәсіпкер сол кезде ойын-сауықтыру орталығына арнайы ғимарат салып, оны қажетті қондырғылармен жабдықтау үшін «Damu Start-Up» бағдарламасына жүгінген еді. Ойын-сауық орталығына келушілерді қызықтыру үшін қызмет көрсету сапасы жоғары әрі ғимараттар мен қондырғылардың заманауи үлгіде болуы шарт. Бұл үдеден шығу үшін Жансерік көп ізденді. Орталыққа ойын-сауық аттракциондарымен қатар балалар әткеншегі, пластиктен үйшіктер мен балалар қамалы, үрлемелі батуттар, бүлдіршіндерге арналған лабиринт, оқ өткізбейтін кеудешемен атысатын кабина, машиналар, электромобильдер мен балалар паровозы, тағы басқа да жабдықтар алды. 7D форматындағы 8 орындық шағын кинотеатр, бөбектерге арналған аймақ, отбасылық кафе ашты. Орталықта отбасылық демалысқа барлық жағдай жасалған. Балаларды өздері сүйіп көретін мультфильм кейіпкерлері қарсы алып, көпіршіктер шоуына, музыкалық және би қойылымдарына қатыстырады.
Бүгінде ол өз бизнесін дамытып, орталықты кеңейту үшін шағын және орта бизнесті қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы арқылы 10 млн теңге көлемінде 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие алды.
Алғашында ол жобасын қаржыландыру үшін бастауыш кәсіпкер ретінде «Даму» қорының 70 пайыздық кепілдемесін алса, осы жолы кәсіпкер 50 пайыздық кепілдеме арқылы кепіл мүлік жетіспеушілігінен туындаған мәселесін шешті. Алдағы уақытта ойын-сауық орталығы жұмыс ауқымын бұрынғыдан да кеңейте түспек.