
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі бірқатар шараларды бастап кетті. Атап айтар болсақ, орталықтың ұйымдастыруымен И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде және №261 орта мектепте «Наурыз қазақ елінде» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар шығармашылығы және бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Аукенов Ардақ Әбиұлы және колледж ұстаздары студент жастарға салт-дәстүр, ұлттық спорт түрлері және наурыз мерекесінде жасалатын тағамдар, ұлттық киім түрлері туралы маңызды әңгімелер өрбітіп, ақпараттар берді.
Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарих ұрпаққа аманат» тақырыбында студент жастардың қатысуымен танымдық экскурсия жүргізілді. Жастар көптеген тарихи мәліметтермен танысумен қатар, жәдігерлер туралы да ақпараттар алды.
Осы күні орталық алаңда «Тарихи таным күні» атауымен «Ұлт құндылығы – мәдениет» тақырыбында қолөнер жәрмеңкесі өткізілді. Қолөнер жәрмеңкесінде ұлттық бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды.