Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай 15-ші наурызда Достық үйінде облыстағы этностардың тарихи-мәдени мұрасын одан әрі дамытуды және сақтауды насихаттау бағытында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері үшін ашық есік күні өтті.
Онда студенттер Достық үйінің жұмысы мен облысымызда тұратын этностардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарымен танысты. Экскурсия барысында студент, оқушы жастар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының осы жылдар аралығында жеткен жетістіктерінен ақпар алды. Экскурсия жетекшілері «Қоғамдық келісім» КММ-нің аға сарапшысы Жарасхан Жакенов пен сарапшы Айбек Дайрабай жас буын өкілдеріне Достық үйіндегі әрбір этномәдени орталықтардың жұмыс бөлмелерін көрсете жүріп, олардың тарихына тоқтала кетті. Сонымен бірге, олар музейді аралап, кітапхана, тіл кабинетіндегі сабақтың жүру барысын, концерт және мәжіліс залын көрді.
Ашық есік күні аясында оқушылар «Жақсылық пен жарастықтан, еңбек пен қанағаттан, мейірбандылық пен парасаттан бастау алар – Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын! Татулығы мен бірлігі жарасқан еліміз көркейе берсін!» деген ізгі тілектерін жаудырды.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі