
Кеше «Евразия» спорт кешенінде «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен «Бәрің де жарысқа!» атты орта мектеп оқушылары арасындағы облыстық спорттық жарыс өтті. Осымен 23-ші мәрте ұйымдастырылған бұл жарысқа облыс бойынша барлығы 230 спортшы қатысып, 5 эстафеталық сайыс бойынша бақ сынады.
Айталық, мұнда оқушылар 3 кезеңге бөлініп, өнер көрсетті. Алғашқы кезеңі әр ауылдық округте іріктеу жарысы өткізілсе, келесі кезеңі аудан орталықтарында өткізілді. Ал 3-ші кезеңі облыс орталығында финалдық жарыстар өткізіліп, жарысқа барлығы 7500 спортшы қатысты.
Нәтижесінде №23 мектеп-лицей командасы алдынғы қатардан көрініп, жарыс жеңімпазы атанды. Спорттық сайысқа тиянақты дайындалып, үздік өнер көрсеткен қала орталығындағы №198 орта мектебі ІІ орынды иеленсе, келесі орындарды №235, №250, №249 мектеп-лицейлері еншіледі.
Айта кетейік, мұнан бөлек жеңіс тұғырына көтерілген командалар қатарында №62 (Арал ауданы), №137 (Сырдария ауданы), №34 (Жалағаш ауданы), №254 (Жаңақорған ауданы) және № 244 мектептері (Шиелі ауданы) бар. Жүлделі орындарды иеленген командаларға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кубогі мен бағалы сыйлықтары табысталды.