
ЕХРО көрмесінің басталуына 3 айдан аз уақыт қалды, деп хабарлады "24 кз" арнасы.
Осы шараның қарсаңында Қазақстан Мәскеуде ұйымдастырылған «Саяхат және туризм» атты әлемдік көрмеде халықаралық жобасын ұсынды. Бұл шараға екі мыңдай компания қатысып отыр. Ал ЕХРО-2017 кезінде Ресей тарапы ең үлкен павильондардың бірін таныстырады. Айта кету керек, Астанада өтетін халықаралық көрмеге ресейлік саяхатшылар да қызығушылық танытып отыр. Мұнда танымал демалыс орындарынан бастап, туризм саласы бойынша әлемге әйгілі брэндтерді кездестіруге болады. Солардың қатарында қазақ елінің көрнекіліктері де бар. Онда елордада өтетін ЕХРО көрмесі жайында мәлімет берілген. Халықаралық көрменің ашылуына аз ғана уақыт қалды. Оған әлемнің әр түкпірінен 115 ел қатысуға ниетті.
Роза Асанбаева, Астана EXPO-2017 ҰК департамент директорының орынбасары:
- Көрмені тамашалау үшін 5 миллионға жуық адам келеді деп жоспарлап отырмыз. Оның 15 пайызы шетелдіктер болса, 85 пайызы қазақстандықтар. Сондай-ақ көрші Ресейден де кемінде 120 мыңдай саяхатшы келуі тиіс.
Көрмеге келушілер қазақ халқының төл мәдениетімен де танысады. Ол үшін танымдық қызықты бағдарламалар әзірленіп жатыр.
Марат Иғалиев, ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры:
- Қазақстаннан 20 туроператор келді. Оның ішінде ресми туроператор бар. Тікелей билеттер сатып жатырмыз, келісімдерге қол койылып жатыр. Жақсы нәтижелерді күтіп отырмыз. Қытайдың бірнеше компаниялары бар. Бәрі сұрап жатыр Қытайдың туристері, Димаш бола ма, болмай ма. Біздер айтамыз, ЕХРО-да Димаш болады деп. Қытайдан көп туристерді күтіп отырмыз.
Төрткүл дүние көз тіккен көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақ еліне келетін саяхатшылар үшін 3 мыңнан астам алуан түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.