Жыл басынан бері мазмұны күмәнді 237 сайт бұғатталған

Жыл басынан бері мазмұны күмәнді 237 сайт бұғатталғанБаланы ғаламтордағы жағымсыз ақпараттан толық қорғау үшін ата-аналар да атсалысуы керек. Бүгін Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов осылай деді. «Балаға арналған қауіпсіз интернет» тақырыбында өткен брифингке Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және Ақпарат пен коммуникациялар министрлігінің өкілдері де қатысты.
Олардың ұсынған есебі бойынша былтыр 110 мыңнан астам заңсыз ақпараттық материалдар жойылды. 32 мыңнан астам заңсыз контентке қатысты 144 сот шешімі мен уәкілетті органның 70-тен астам ұйғарымы орындалды. Кәмелет жасына толмаған баланың ғаламтордағы бос уақытын қадағалау үшін күмәнді сайттарды бұғаттайтын бағдарламалар енгізу керектігі айтылды.
Ержан Ерсайынов, Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
– Интернеттегі әлеуметтік желі қолданысының кеңейіп жатқанын ескерсек, ата-аналар ғаламторды қолданатын балаларын жіті бақылауы тиіс. Білім және ғылым министрлігі бағдарламашылардың және психологтардың қатысуымен ата-аналар жиналыстарын ұдайы өткізіп тұрады. Интернеттегі контенттердің барлығын жаман деуге келмейді. Сондықтан жасына лайықты ақпарат алу – әр баланың құқығы. Айта кетейік, жыл басынан бастап мазмұны күмәнді 237 сайт бұғатталды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 наурыз 2017 г. 475 0