
Қызылорда қаласында Наурыз мейрамын атап өту жылдағы дәстүрге сәйкес ұйымдастырылады. Басты мереке өткізілетін орталық алаң арнайы безендіріліп, 30-ға жуық киіз үй тігіледі. Қазіргі таңда безендіру сызбалары келісілді, 20-шы наурыздан бастап тиісті жұмыстар жүргізіледі. Қала көшелерінде ақпараттық билбордтар, жалаушалар және түнгі жарықтандыру құрылғылары орнатылып, ұлттық нақыштағы шағын формалар қойылады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің орталығында қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта облыс әкімдігімен бекітілген 9 тақырыптық бағыттар (Наурызнама: тарихи таным күні, Наурыз-дәстүр: салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар күні, Наурыз шапағаты: қайырымдылық күні, «Наурыз – думан: ұлттық ойындар күні, «Наурыз – жаңару: көркейту-көгалдандыру, сенбілік күні, «Наурыз тарту: ұлттық өнер күні, «Наурыз-береке: жәрмеңке, ұлттық тағам күні, «Наурыз шуағы: мәдени-көпшілік, жалпыхалықтық серуен күні) бойынша 14 наурыздан бастап қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде 100-ге жуық мерекелік шаралар өткізіледі.
Наурыз мерекесіне арналған негізгі шара 22 наурыз күні орталық алаңда өткізіледі. Алаңға мұнай компаниялары мен кәсіпкерлер, жоғары, арнаулы орта оқу орындары, облыстық басқармалардың қолдауымен 30-ға жуық киіз үйлер, қайырымдылық шатырлары тігіледі. Алаңда арнайы жүлде қоры белгіленген ұлттық ойын түрлерінен (арқан тарту, гір көтеру, қазақша күрес т.б.) жарыстар, қолөнер шеберлері мен ЭКСПО-2017 көрмелері ұйымдастырылады.
- Биылғы жылғы ерекшелік – арнайы белгіленген орындарда ұлттық бағыттағы көріністер ұйымдастырылады. «Наурыз көже» алаңында бір қатарға арнайы 14 тайқазан-ошақтар қойылып, халықтың алдында бір мезгілде 14 келіншек наурыз көже әзірлейді. «Айдар шашын кесу» рәсімінде 7 баланың айдары кесіледі. Бұл рәсім ел ағалары мен құрметті меймандардың қатысуымен жасалады, - деді ол.
Ұлыстың Ұлы күні қаламызда Халықаралық Түркісой ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің басқаруымен түркітілдес елдерден келген 40-қа жуық өнерпаздан құралған арнайы делегация келеді деп күтілуде. Сонымен бірге, Түркітілдес елдері өнерпаздарының 1,5 сағаттық концерттік бағдарламасы мен жергілікті өнерпаздардың ұлттық-этнографиялық тақырыптағы концерттік бағдарламасы тамашаланады. Жалпы халыққа арналған кешкі шаралар 17.00-ден басталып, түрлі форматтағы жастар шығармашылығының думанды бағдарламаларымен жалғасатын болады.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі