«ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрме билетін қызылордалықтар 13 наурыздан бастап "Жібек жолы” ойын-сауық орталығында орналасқан дүңгіршектен сатып ала алады.
Арнайы касса дүйсенбі-жексенбі күндері аралығында жұмыс жасамақ. Құны 4,6,8 мың теңге көлемін қамтитын билеттер еліміздегі «Қазпошта» АҚ-ның 600-ден астам бөлімшесінде бар. Ресми сайтта да электронды сатылым жүруде. Аймақтағы "ЭКСПО-2017” көрмесі бойынша ақпараттық ресурстық орталығының жетекшісі, "Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы” қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетовтың айтуынша, 6 жасқа дейінгі балалар көрмені тегін тамашалайтын болады. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар мен жетім балалар тегін кіру мүмкіндігіне ие.
– Клиенттер күні белгіленген билетті жұмыс күніне 4000 теңгеге ала алады. Ал 6000 теңгелік билетпен көрмеге кез келген күні кіруге мүмкіндік бар. Демалыс күні кіру бағасы – 8000 теңге. Билеттерді сатып алу қолма-қол, төлем карточкаларымен жүзеге асырылады. Оқушылар мен студенттерге, зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік ұсынылуда. Жоғалтып алған жағдайда, билетті tickets.expo2017astana.com сайтында құрылған жеке кабинеттен басып шығаруға болады. Қазір біз облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесіп тиісті ақпараттық жұмыс жүргізіп келеміз. Нәтиже жаман емес. Бүгіннің өзінде сатып алушылар көп, – деді Ж.Тұсмағамбетов.
Расында, ойын-сауық орталығындағы касса алдында жиылған тұрғындар қатары кеше қалың болды. Олардың барлығы елордамыз Астана қаласында өтетін маңызды шараны көзбен көруге асық. Айта кетейік, алғашқы билет Айдана Әбділдаға бұйырды. 20 жастағы бойжеткен алдағы жазғы демалысын енді арман қала – Астанада өткізіп, ғажап көрмені көзімен көріп, танысады.
М.СНАДИН.