Мемлекеттік рәміз туралы талап жоғары

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «ҚР мемлекеттік рәміздерін орналастыру тәртібі мен стандартқа сәйкес қолданылуы» тақырыбында семинар өтті. Семинарға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев, орынбасары Әлімжан Жарылқағанов пен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ерқанат Кеулімжаев, сонымен бірге мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Семинарда Айдын Қайруллаев мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің жарқын дәлелі екені, сондықтан оған деген құрметтің ерекше болу керектігін айта келіп, шараның мақсатына тоқталды.
– Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады және мемлекеттік рәміздерді орналастырудың, оны қолданудың өзіндік белгіленген тәртібі мен талабы бар. Кей жағдайда сол талап орындалмай жатады. Бүгінгі семинарда мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолдану тәртібі кеңінен түсіндірілетін болады, – деді А.Қайруллаев.
Семинар барысында басқарма басшысының орынбасары Әлімжан Жарылқағановтың, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерқанат Кеулімжаевтың «ҚР Мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі мен стандартқа сәйкес қолданылуы» тақырыбындағы хабарламасы тыңдалды.
Е.Кеулімжаевтың айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР СТ 989-2014 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы қолданысқа енгізілген. Ол бойынша Мемлекеттік Елтаңба 3Д үлгісінде жасалған және бояуынан бастап айырмашылықтары көп.  Ескі үлгідегі Мемлекеттік Елтаңбаны ауыстыру жұмыстары ағымдағы жылдың шілдесіне дейін аяқталуы тиіс.
Семинар соңында қатысушылар сұрақ қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
 
Айнұр БАТТАЛОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 наурыз 2017 г. 467 0