
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен бірқатар депутат «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағын аралады. Мәжілісмендер салынып жатқан және дайын бірқатар нысанды көріп, Халықаралық көрмеге дайындық және оны өткізу мәселелеріне арналған жиынға қатысты, деп хабарлайды Baq.kz.
«ЭКСПО-2017» нысандарын аралау барысында Н.Нығматулин халықаралық көрмеге билет сатып алды. Мәжіліс спикері көрме жаһандық ұлттық жоба мәртебесін алғанын айтты.
Жиында біраз жұмыс атқарылғаны туралы айтқан Мәжіліс төрағасы тура 3 айдан кейін Астана энергия үнемдеу мен баламалы қуат көздерін пайдалану саласында әлемнің үздік жобалары мен технологияларын таныстыру алаңына айналатынын атап өтті.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы абырой-беделінің арқасында біздің ел осы бірегей шараны өткізу құқығына ие болды», - деп еске салды Н.Нығматулин.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, көрме дайындығына депутаттар корпусы да өз үлесін қосты: Халықаралық көрмелер туралы конвенция ратификацияланды, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрменің мәселелері туралы заң қабылданды.
Жиынға «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, компания департаменттерінің басшылары қатысты.
Ұлттық компания өкілдері құрылыс барысы туралы баяндап, іске қосылған қызметтер мен мүмкіндіктерге тоқталды.
Айта кетсек, «Шар» ұлттық павильонының құрылысы осы жылдың мамырында аяқталады деп жоспарлануда. Қазір онда ішкі жұмыстар жүріп жатыр.