Электр тоқ сымдарын ұрлаған

Электр тоқ сымдарын ұрлаған Қызылорда қаласы көлемінде орын алып жатқан электр торабының ішінде орналасқан электр жабдықтары мен электр тоқ сымдары, оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінде орналасқан тоқ сымдары ұрлықтарына қатысы бар деген күдікпен Қызылорда қаласының 1991 жылы туылған тұрғыны ұсталды.
Тиісті тексеру жұмыстары барысында аталған азаматтың қатысуымен 3 ұрлық қылмысы орын алғандығы анықталды. Бірінші жағдайда сезікті Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесі арқылы кіріп, 100 метр кабель тоқ сымдарын ұрлап кетсе, енді бірде Арай мөлтек ауданында орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесіне кіріп, 150 метрлік жарық беретін тоқ сымдарын қолды еткені анықталған.
Үшінші жағдай ағымдағы жылдың 21-нен 22-не қараған түні орын алған. Ұсталған азамат С.Бейбарыс көшесіндегі үйдің жертөлесінің есігін бұзып кіріп, 50 метрлік тоқ сымдарын алып кеткен. Ол барлық қылмыстық әрекеттерін түнгі немесе таңға жақын уақыттарда жүзеге асырып, ұрланған тоқ сымдарын қала көлемінде орналасқан түрлі-түсті металдар қабылдайтын орындарға өткізіп, пайда тауып отырған.
Ұрланған электр тораптары мен тоқ сымдары айғақ зат ретінде алынды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сезіктінің басқа да осы тектес қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 наурыз 2017 г. 581 0