
Қазалы ауданында көктемнің шұғылалы мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекеге аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қатысып, аяулы аруларды құттықтады.
«Расында, бір ғана «әйел» ұғымына дөңгелеген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Оған аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те мағыналы теңеу – мазмұнды балама болмақ. Ал солардың ең қасиетті де қастерлісі – «АНА» сөзі. Одан асқан ұлылық, одан асқан құдірет жоқ. «Алып та анадан туады» демекші, ананың алдында адамның бәрі тең дәрежеде. Демек асыл жандардың көңілі шат болуына баршамыз мүдделіміз» - деген аудан әкімі аналардың қоғам өміріндегі ерекше рөліне жан-жақты тоқталды.
Салтанатты кеште белсенді қыз-келіншектерге облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, кешке қатысушы барша нәзік жандыларға аудан әкімінің арнайы құттықтау хаты мен сыйлығы, гүл шоқтары табыс етілді.Көктемнің шуақты мерекесіне арналған жарқын кездесу мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, шара барысында аудан әкімі Құмжиек ауылындағы 99 жастағы кейуана Мария Қожағұлды мерекемен құттықтап, ерекше сый-құрмет көрсетті. Өз ризашылығын білдірген қарт ана жиналғандарға ақ батасын берді.