
Не керектің барлығы дүкен сөрелері мен базарда сіресіп тұрған заманда ешкімді ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Бірақ соңғы жылдары «хенд мейд» яғни, қолдан жасалған бұйымдардың бәсі артып келеді. Әрине, сапасы мықты, дизайны көркем, заманауи сәнді бұйымдарға сұраныс баршылық. Өз қиялынан, көз майын тауысқан еңбегінен туған туындыны сатып, тәп-тәуір кәсіпке айналдырған жастарды көргенде, тіпті марқаясың. Әлеуметтік желілер арқылы сатылымды жолға қойғандары қаншама?! Талапты қыз-жігіттердің жасаған бұйымдарына сұраныстың жоғары екенін бірден байқауға болады. Көздің жауын алып жарқыраған бұйымдар желіге жарияланысымен, оған қызығушылар, сатып алуға ниеттілер табыла кетеді. Іздегенге сұраған деген осы.
Қолдан түрлі бұйым жасауға баулу мектептегі технология пәнінде барлық балаларға үйретіледі. Желілерді «жаулап», өзіндік брендін қалыптастырған шеберлердің ынтасы осы сабақта оянып, кейін бірте-бірте қызығушылықтан кәсіпке айналған.
Қызылорда қаласындағы №235 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі, «Ана көрген тон пішер» үйірмесінің жетекшісі Гүлайхан Сүлейменова шәкірттерін шеберлікке бау¬лып жүр. Қолдан бұйым жасауға үйрету ең алдымен қыздарды әсемдік пен сұлулықты көріп, бағалай білуге талпындырады. Екінші артықшылығы – шығармашылыққа баулиды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізудің жауапкершілікке үйрететіні, өз бетінше жұмысқа ептілігін ұштайтыны тағы бар. Қазір Гүлайханның шәкірттерінің қолдан жасаған бұйымдары түрлі көрмелерден орын алып жүр.
– Қолөнермен бала жасымнан айналыстым. Әжелерім мен анамның қасында жүріп киізге түр салу, тоқыма, кілем тоқуды үйрендім. Қазір қолдан киіз басушылар, кілем тоқушылар аз. Бұл үй бұйымдарын пайдаланудан біртіндеп қалып барамыз. Әйткенмен уақыт нені талап етеді, соған бейімделу керек екенін түсініп, тұрмыста қажетті заттарды жасауға ден қойдым. Өзім іздене жүріп, шәкірттеріме үйреттім, – дейді ол.
Гүлайхан тек қолөнермен ғана емес, ауласында мал ұстап, қымыз, шұбат ашытумен айналысады. Таза әрі табиғи шұбат пен қымызды, құрт пен ірімшікті сатып алушылардан тапсырыс толастамайды. Өз аяғымен жайылмаған малдың машақаты бір төбе. Бірақ қазіргі заманда бәріне үлгерген адам ғана бақуатты өмір сүреді.